Қытай астанасы Бейжіңде 14 мамыр күні «Бір белдеу, бір жол» (一带一路/ One Belt, One Road) халықаралық ынтымақтастық форумы» ашылу салты болып өтті. Қытай басшысы Ши Жинпиң әлемнің әр елінен келген мемлекет басшыларын жеке-жеке қабылдады. Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Бейжіңге сапарлай барып, Қытай басшысымен кездесу отырысында болды.
«Шинхуа» агенттігінің хабарлауынша, аталған форумға әлемнің 29 елінен мемлекет басшылары келіп қатысты. Оған қоса 130 елден 1500 делегат қатысты. Форумның ашылу сөзін сөйлеген Қытай басшысы «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының «Еуразия экономикалық одағы», «Орталық коридор» қатарлы көп елдің ортаға қойған экономикалық жобаларына сәйкес келетінін атап өтті. Сондай-ақ, байырғы Жібек Жолының ерте, орта ғасырлардағы дүние үшін маңыздылығына тоқтала келіп, жаңа заманда да Жібек жолын жаңғыртатын «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының Азия, Еуропа, Африка тіпті Тынық мұхит елдері экономикасында тұтастыратынын айтып өтті.
14 мамыр күні, аталған форумға қатысу үшін президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан Республикасының делегаттары Ши Жинпиң және Қытай үкіметінің жоғары лауазымдыларымен кездесті. Арнайы кездесу отырысы Бейжіңдегі «Халық сарайында» болып өтті.