Агро-сарапшы, азаматтық белсенді Алмасбек Садырбай мен тағы алты азаматқа қатысты жүріп жатқан сот процесінде айыптау тарапының дәлелдері негізсіз болып шығуда. Қонаев қалалық сотында өткен кезекті отырыста Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасы өкілінің берген жауаптары бұл істің қылмыстық емес, таза азаматтық-құқықтық қатынас екенін және айыптау актісінің тым асығыс, сауатсыз құрастырылған деген күмән тудырады.

Басқарма қызметкерлері жауапқа тартылмаған: Субсидия заңды берілген бе?

Сот барысында айыпталушы Алмасбек Садырбайдың қорғаушысы, адвокат Анар Құсайынова Атырау облысы АШБ субсидиялау бөлімінің басшысы Жасұлан Сұлтанғалиевтен жауап алды. Қорғаушының «Кооперативтерге субсидияны заңсыз төлегені үшін басқарманың бірде-бір қызметкері тәртіптік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылды ма?» деген сұрағына өкіл «Тартылған жоқ» деп қысқа қайырды.

Бұл – істегі ең маңызды құқықтық фактілердің бірі. Егер мемлекеттік органның ешбір қызметкері жауапқа тартылмаса және халаттық танытпаса, демек, «INDER A» және «QYZYLQOG’A JERUIYQ» АШӨК-не субсидиялар өз уақытында, барлық ережелер сақтала отырып, заңды түрде берілген.

«Қылмыс құрамы мүлдем жоқ»: Азаматтық қатынас па, әлде алаяқтық па?

Сотта белгілі болғандай, 2024 жылы Қызылқоға аудандық прокуратурасы тек бір ғана өтінім бойынша (1,5 миллион теңгеден астам сома) мал басының толық сақталмауын анықтаған. Осыған байланысты басқарма кооперативке хабарлама жіберіп, нәтижесінде «QYZYLQOG’A JERUIYQ» АШӨК 500 мың теңгені өз еркімен бюджетке кері қайтарған.

Адвокат Анар Құсайынова бұл жағдайдың ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабында (Алаяқтық) көзделген қылмыс құрамын толықтай жоққа шығаратынын алға тартты:

«Субсидияны алу сәтінде бәрі заңды болған. Кейіннен мал басының азаюына байланысты міндеттеме орындалмай, қаражат ешқандай қылмыстық іссіз-ақ, хабарлама арқылы ішінара қайтарылған. Мұнда ешқандай қылмыстық оқиға да, мемлекетке келген залал да жоқ. Бұл – таза азаматтық-құқықтық қатынас», – деді қорғаушы.

Осыған байланысты қорғау тарапы Атырау облысының Ауыл шаруашылығы басқармасын «жәбірленушілер» тізімінен мүлдем алып тастауды және оған қатысты өтінімдерді айыптау көлемінен шығаруды сұрап өтінішхат түсірді. Сот бұл құжаттарды алдыру туралы өтінішхатты қанағаттандырды.

Айыптау актісіндегі сорақы қате: Атыраудың ісі Алматыға қалай ауысты?

Сот отырысында айыптау актісінің сауатсыз толтырылғанын көрсететін тағы бір сорақы қателік әшкере болды. Жаңа айыптау актісінің орысша нұсқасының 52-бетінде Атырау облысы бойынша қаралған «QYZYLQOG’A JERUIYQ» АШӨК-нің өтінімі мемлекеттік мекеме ретінде «Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» деп жазылып кеткен.

Адвокаттың «Атыраудың өтінімі неліктен Алматы облысына жазылған?» деген сұрағына жәбірленуші өкілі де жауап бере алмады: «Бұған мен жауап бере алмаймын. Оны айыптау актісін дайындаған лауазымды тұлғалар біледі», – деді Сұлтанғалиев.

Ал мемлекеттік айыптаушы (прокурор) бұл сұраққа нақты уәж айта алмай, тек: «Іс материалдарын алдағы уақытта тереңірек зерделеу барысында анықталатын болады. Сұрақты ашық қалдыруды сұраймын» деп құтылды.

Алмасбек Садырбай: «Менің бұл жердегі сиырлар мен қойларға қандай қатысым бар?»

Сотта сөз алған айыпталушы Алмасбек Садырбай өзінің 21 айдан бері (2024 жылдың 5 қарашасынан бастап) заңсыз қамауда отырғанын айтып, эмоциясын жасыра алмады:

«Міне, бүгін Атыраудан келген өкіл де ашық айтты: «Алмасбек Садырбайға қатысты ешқандай шағымымыз жоқ, ол бізді алдаған емес» деді. Ереже бұзылмаған. Сонда біздің мемлекеттік айыптаушы немен айналысып отыр? Павлодар мен Атырау облыстарының бұл іске қандай қатысы бар? Менің бұл өңірлердегі сиырлар мен қойларға қандай байланысым бар? Менің өз барандарым өзіме жетеді. Айыптау актісінде 34 миллион теңгеден астам залал туралы фантазия жазылған. Ешқандай қылмыс жоқ жерде мені 21 ай бойы не үшін ұстап отыр?», – деді А. Садырбай.

Сонымен қатар, Атырау облысы АШБ өкілі Сұлтанғалиев те сотта: «Сіз Садырбайдың қылмыстық құқық бұзушылық істегеніне куәсіз бе?» деген сұраққа нақты «Жоқ» деп жауап берді. Әрі субсидиялау критерийлеріне қатысты сұрақтарға өтінімдерді қабылдау кәсіпкерлердің құжаттарының толықтығы мен базадағы мәліметтердің сәйкестігін автоматты және қолмен тексеру ережелеріне сай жүргізілетінін айтты.

Сот залында жауапберген жәбірленуші тарап өкілінің жауаптары Алмасбек Садырбайға тағылған айыптарға күмін келтіруге жол ашады. Айыптау актісіндегі географиялық қателіктер, томдардың жетіспеушілігі және «жәбірлендік» деген органдардың сотта Садырбайға ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеуі – бұл істің артында басқа астар жатқанынан хабар береді.

Біз бұл сот процесін алдағы уақытта де жіті бақылайтын боламыз.

The Qazaq Times