Қазақстан ел экономикасына 300 мың доллар инвестиция салған шетелдіктерге уақытша тұру құжатын беруді жоспарлайды. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге сілтеме жасап жергілікті Tengrinews.kz сайты хабарлады,- деп жазды Орталық Азия жаңалықтар қызметі.

"Қазақстан экономикасына 300 мың доллар инвестиция құйған шетелдік бизнесмендерге он жылдық виза беруді қарастыратын заң жобасы дайындалып жатыр" деп жауап берген Жұманғарин парламенттегі "Ақ жол" фракциясының сауалына.

Министр он жылдық виза бергенде бюджетке салықтан түсетін пайда мен жаңа жұмыс орындарының ашылу жағы ескеріледі деп отыр.

Ресей билігі Украинадағы соғысқа байланысты 21 қыркүйекте мобилизация жариялаған соң Қазақстанға 300 мыңдай ресейлік қашып келген, олардың жартысы елден кеткені айтылды.

ІІМ мәліметінше, 21 қыркүйекте 2177 шетелдік тұрақты тұру құжатын алуға өтініш берген, олардың ішінде 998 адам – Ресей азаматы. Ал азаматтық алуға 1398 адам (221 ресейлік) өтініш жазған. Елде "ресейліктер келіп, жұмыс орындарын алып алады, пәтер жалдау бағасының қымбаттауына әсер етеді" деген қорқыныш бар. Билік алдымен қазақстандықтарға жағдай жасалады деп қоғамдағы қорқынышты сейілтуге тырысып жатыр.

Өткен аптада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейде орналасқан 50-ден аса ірі халықаралық компания Қазақстанға келуге дайын деп мәлімдеген. Үкіметтің ақпаратынша, халықаралық 300 компания Ресейдегі кеңселерін Қазақстанға көшіруге дайын.

Бұған дейін Тоқаев үкіметке Ресейден кеткен шетелдік компанияларды Қазақстанға орналастыруға жағдай жасауды тапсырған.