Апта басынан басталған аптап ыстық әлі де сақталуда. Шілденің шіліңгірі жерді қуырып барады, буыны қатқан шөптің басы қурады.

«Қазгидромет» РМК-сы шілденің 24-і күнгі күн райы болжамын жариялады.
Қазгидрометтің деректеріне қарағанда, 24 шілде күні еліміздің басым бөлігінде фронталды бөліктердің әсерінен Қазақстанның батысында, солтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында, оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында жаңбыр жауады, оңтүстік-батысында найзағай онйап, жаңбыр жауады, жел күшейеді, елдің батысында, шығысында бұршақ жауып, оңтүстігінде шаңды дауыл тұрады, солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Қазақстанның тек оңтүстігінде және орталығында ғана күн жауын-шашынсыз болады.


Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Жетісу, Алматы облыстарының басым бөлігінде, Маңғыстау, Атырау облыстарының оңтүстігінде, Ұлытаудың оңтүстігінде, шығысында, Қостанай облысының орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.
Күндіз Қызылорда, Ұлытау облыстарының басым бөлігінде, Ақтөбе, Абай облыстарының оңтүстігінде қатты ыстық болады.

Алматы қаласының алдағы аптадағы күнрайы болжамы бойынша ыстық күндер жалғасатынын көрсетеді.

Ыстық ауа райында жүрек-қантамырлар жүйесі зардап шегеді. Ауа райы құрғақ әрі ыстық болған кезінде қан ұйып, тромбтардың түзілуіне алып келеді. Ал, қанның ұйюы — инсульттің басты себебі.

Одан бөлек, аптап ыстық кезінде атмосфералық қысым әлсірейді. Бұл жағдайда гипертониктер де, қан қысымы төмен адамдар да жапа шегеді. Сау адамдардың өздері де күн температурасы артуымен бірге, жүрек соғысы артып, тамырлары кеңейе бастайтындықтан жүрек айну, көздің қарауытуы, әлсіздікті сезінуі әбден мүмкін.

Сонымен бірге, адам көп терлейтіндіктен термен бірге денедегі сұйықтықты және минералдарды жоғалтады. Сондықтан адам әлсіреп, Ұйқы басып, мазасыздана бастайды.

Жүрек ауруы, қан қысымы мен қантамырларының дерті бар адамдарға далаға шықпаған дұрыс. Калий мен магнийге бай жеміс-жидектерді күнделікті рационға қосқан артық етпейді. Бас киім киіп, қосымша арнайы дәрі дәрмек алып жүрген жөн.
Сұйықтықты көбірек тұтыну, аздаған қантты шырын, шай, компот. Одан бөлек, газдалған минералды сусындар жоғалған электролиттерді қалпына келтіреді. Ал, алкогольді өнімдерден аулақ болған жөн.
Мамандар жеңіл әрі кең киім киген дұрыс дейді. Синтетика материалынан мүлдем бас тартқан жөн.

Нүрбәтима Байтұрсын

Алматы облысы