Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өткен Орталық Азия елдерінің басшыларының төртінші Консультативті кездесуінде тараптар бірқатар құжаттарды қабылдады және бірлескен мәлімдемесін жариялады. Қатарында Өңірлік ынтымақтастықты дамыту бойынша 2022-2024 жылдар аралығына арналған жол картасы да бар.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарына қарағанда, Чолпон-Атада қабылданған құжаттар қатарында Орталық Азия мемлекеттерінің көпжақты форматтар аясындағы өзара іс-қимылдарының тұжырымдамасы; Орталық Азияға арналған «Жасыл күн тәртібі» атты аймақтық бағдарламалар бар. Соңғы аталған бағдарлама аясында Аралдың экологиялық жағдайын аймақтың ортақ мәселесінде қарастыра отырып шешу көзделген.

Ең маңыздысы ОА ХХІ ғасырда аймақты дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартты бекітті. Мәліметтерге қарағанда, бұл маңызды шартқа Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан президенттері қол қойған, ал Тәжікстан мен Түркіменстан басшылары өз еліндегі жолкарталары аяқталғаннан кейін қол қоятыны айтылған.

Сондай-ақ, ОА елдері президенттері Арал теңізін құтқару Халықаралық қорының президенті Эмомали Рахмонидың өкілетті мерзімін ұзарту бойынша келіскен.

Төрт төңірек көз тіккен өңір басшыларының бас қосуында қабылданған құжаттар аймақтың ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталғаны айқын көрінеді. Бұл қабылданған құжаттар мен бағдарламалар аймақ елдерінің ішкі интеграциясын, сол арқылы жаһандық геосаяси қауіптер мен сын-қатерлерге қарсы ортақ жұмылуына жол ашады деп үміттенеміз.

The Qazaq Times