Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғыс жағдайында ядролық қару қолдану мүмкіндігін туралы екінші рет сөз етті. Ол Батыс елдері Украинаға килігетін болса Ресейдің жауабы «жаңғырықтай тез» боларын ескертті.
«Бізде ешкім мақтана алмай тұрған қарулар бар, біз онымен мақтанбаймыз, керек болса біз оны қолданамыз», – деді Путин Мем. дума өкілдерімен кездесуде. Ол бұл кездесуде Украинадағы «арнайы операцияларының» (Ресей өзінің Украинадағы әскери шабуылын осылай атап келеді) дұрыс әрі ойдағыдай жалғасып жатқанын қайталады.
Әрине, Путин сөзінде тікелей «ядролық қару» деген сөзді қолданбады. Алайда, оның меңзегені Ресейдің қуатты ядролық арсеналы екені аңғарылады. Осыдан екі жыл бұрын жаңартылған Ресейдің ядролық қару қолдану бойынша құжатта ядролық қаруды қолданудың шарты көрсетілген. Онда Ресейге тура бағытталған баллистикалық зымыран атылғаны туралы анықталған мәлімет алған жағдайда ядролық қаруды қолданылатыны көрсетілген. Былайша айтқанда Мәскеу өзіне қарсы соққының жауабы ретінде ядролық қару қолдануға дайын. Бұл жолы Путиннің сөзі «қарама-қарсы жауап» деп отырғаны осыған саятындай.
Путин ұзақ сөздерінің арасында «Батыс елдері Ресей секілді алып елдің болуын қаламайды» деп білдірді және Ресей Батыстың санкцияларына сынбағанын мақтана айтып өтті. Бұған қоса ол қазіргі жағдайда Ресей үшін патриотизмның маңызы туралы да бірмұнша сөз арнады.
Путин өзі айтқан «жұрт мақтана алмай тұрған» бірақ өздері қолдануға дайын қаруды Ресейге төнген стратегиялық қауіпке қарсы да қолданатынын меңзеді. Дегенмен, Мәскеу билігінің өзіне қарсы стратегиялық қауіптің шеңберін қай арадан сызғанын анық айту қиын. Қалай болмасын Кремль басшысы сыртқы әлемге ядролық соғыс қаупін ескертуі жиілеп барады.