Ресейге қарсы салынған санкция әсері туралы түрлі ақпараттарға қарамастан, Ресей-Қытай арасындағы сауда қатынасы қалыпты дамып келе жатқаны байқалады. Айталық, Қытайдың Кеден қызметі жариялаған ресми мәліметтерде наурыз айындағы екіжақты сауда қатынасы былтырғы жылмен салыстырғанда 12 пайызға жоғарлаған.
Ресми мәліметтер көрсеткендей, ақпан айындағы Ресей-Қытай сауда қатынасы былтырғымен салыстырғанда азайған, оған Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты түрлі кедергілер себеп болғанын болжауға болады. Алайда, наурыз айында екі елдің шекаралық сауда байланыстары қайта жанданып, тіпті былтырғы деңгейден асып түскен.
Назар аударарлығы, Қытай-Ресей сауда қатынасының өсу деңгейі Қытайдың жалпы сыртқы импорт-экспортының өсу көрсеткішінен әлде қайда жоғары.
Бейжіңнің Украина мәселесі бойынша ұстанымы көптен бері талқы тақырыбы. Айталық, ресми Бейжің Украина жағдайының тезірек бейбіт келіссөздермен бітуін қалайтынын айтады, бірақ халықаралық қауымдастықта Батыстың Ресейге жасаған санкциялық қысымдарын сынайды.
Путин Украинаға қарсы «арнайы әскери операция» бастаудан бұрын Бейжіңге сапарлай барып, Қытай-Ресей арасындағы стратегиялық ынтымақтастық жоғары деңгейде деген баға беріп қайтқан.
Қытай Ресейден мұнай, табиғи газ, көмір және ауыл шаруашылығы өнімдерін көбірек импорттайды. Бұндай өнімдер қазірше Батыстың Ресейге қарсы санкция тізіміне енбеген.
Батыс елдері Ресейге қарсы санкция салып, оны Мәскеудің агрессивті әрекетін тоқтатудың өнімді құралы ретінде насихаттап жатқаны белгілі. Олардың есебінше биыл Ресей экономикасы 10 пайызға дейін құлдырайды. Бірақ, сүйте тұра Батыс елдері Қытайдың Ресейге қолдау көрсетуінен қатты алаңдайды. Себебі, Қытай санкцияларға қарамастан Ресейден кіретін импортты жоғары деңгейде ұстаса, бұл Ресейді санкция арқылы тізгіндеуді көздеген батыстық құлшынысты селге кетіруі де ғажап емес.