АҚШ Қытайдың Ресейге санкциядан жалтаруға көмектесуін барынша болдырмауға тырысып жатыр. АҚШ президенті Жо Байден отырған Air Force One Брюссельге қонудан бұрын Уашингтон Бейжіңге қарата мәлімдеме жасап Ресейге қарсы санкциялар тудырған сауда орайына қызықпауды ескертті. Былайша айтқанда, Ресейге деген экспорттық бақылауды бұзбауға, санкцияланған қаржылық операцияларына көмектеспеуге шақырды.
АҚШ президенті кеше Брюссельге жетіп Еуропадағы сапарын бастап кетті. Бүгін және ертең НАТО мен «Үлкен жетілік» саммитін қамтыған аса маңызды бірқатар кездесуге қатысады. Байденнің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Жек Салливан кешегі мәлімдемесінде бүгін өтіп жатқан «Үлкен жетілік» саммитінде Ресейге салынған санкцияға қандай бір елдің көмектесуіне жол бермеу үшін ортақ жауап дайындалатынын айтқан.
Салливанның айтуынша АҚШ пен оның одақтас-серіктестері мақсатты жасаған санкцияларды бұзу ауыр зардап әкеледі. Бұл ескерту бір ғана Қытайға қаратылмағанын да қосымшалаған Салливан кез-келген елдің немесе ірі экономикалардың Ресейге қарсы санкцияларды бұзбауын қамтамасыз ету үшін «Үлкен жетілік» саммитінде шешім қабылданбақ. Анығында Құрама Штаттар «Үлкен жетіліктегі» өзге әріптестерін де осыған көндірмек.
Құрама Штаттардың Қытайға қайта-қайта ескерту жасап жатуының өзіндік себебі де бар. Бұл бір жағынан Қытай мен Ресейдің өзара ынтымақтасуынан алаңдаушылық деуге де болады. Егер Батыс Ресейді жан-жақты құрсауға алған кезде Қытай өзінің қаржылық-экономикалық мүмкіндіктерінен пайдаланып Мәскеудің санкциядан жалтаруына қолдау көрсетсе, бұл АҚШ бастаған НАТО елдерінің, тіпті тұтас демократиялық әлемнің Ресей мен Қытайға қарсы күресудегі ерік-жігеріне ауыр соққы жасайды.
Қазір Қытайдың Ресейге қолдау көрсетуі мен көрсетпеуі әлі де беймәлім әрі шешуші мәселе күйінде тұр. Өткен аптада Байденмен бейне конференция өткізген Ши Жынпың (Си Цзиньпин) біржақты санкцияларды айыптай сөйледі, әрі санкциялардың салдары халыққа тиетінін алға тартты. Қазірге дейін Бейжің Мәскеудің Украинаға қарсы шабуылын айыптаған емес немесе ашық қолдайтынын да білдірмеді.
Кейбір сарапшылар Бейжің ұстанымын анық көрсетті, Ресейді қолдамайды және бейтарап позициясында қалады деп санайды. Дегенмен, бұл соңғы нәтиже болмасы анық, себебі Қытай әлі де өзінің өзектілігі мен маңызын мүдделік саудаға салу үшін шешім қабылдаудың уақытын соза түсуі мүмкін. Өткен ғасырда да АҚШ бастаған капиталистік лагер социалистік лагерді бөліп тастау үшін Қытай мен Кеңес одағына екі түрлі мәміле жасап, Мәскеуді оқшаулау үшін Бейжіңді өзіне тартқан болатын.