Украинада соғыс басталғаннан бері Қытайдың позициясының қандай болатыны НАТО мен АҚШ үшін аса маңызды болып келген. Римде өткен алғашқы жоғары деңгейдегі кездесуден кейін АҚШ Қытай ұстанымын анықтауға мүмкіндік алды.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Жейк Салливан мен ҚКП ОК саяси бюросының мүшесі, ҚКП ОК Сыртқы саясат басқармасының басшысы Яң Жиечы Рим үстелінде 7 сағатқа созылған жоғары деңгейдегі кездесу өткізді. Римдегі осы келіссөздің нәтижесі туралы әлі де таласты пікірлер бір арнаға түсіп болған жоқ.

Қытай жоғары лауазымдысы Римдегі кездесуде Ресей-Украина мәселесінде бейтарап ұстанымда екенін, дағдарысты келіссөз арқылы шешуге мүдделі екенін қаншалықты дәлелдеуге тырысқанымен, кездесуден кейін Салливан бастаған АҚШ делегациясы Қытай Ресейге көмектесуге бел байлағанын анықтады.

Ағылшынның The Guardian басылымы америкалық лауазымдылардың сөзіне сілтеме жасай отырып, АҚШ делегациясы Римдегі кездесуден келісім күтіп бармағанын, тек бұл кездесу арқылы АҚШ-тың ұстанымдары мен пікірін Бейжіңге жеткізуді мақсат еткенін жазды. Кездесуге қатысқан АҚШ шенеунігі аталған басылымға берген пікірінде келіссөздің жоғары қарқында болғанын, оның үстіне нақты бір нәтижені көздеуден көрі АҚШ пен Қытай ортасында ашық пікір алмасуға құрылғанын айтқан.

Батыстың қазіргі күш салып жатқаны мүмкіндігінше ең үлкен антиресейлік  коалициясын қалыптастыру. Осы мақсатта көптеген елдерді Ресейге көмек көрсетпеуге шақырып жатыр. Ресейдің Қытайдан көмек сұрап жатқаны туралы хабарлар тарасымен, АҚШ бірден ескерту жасап, бұндай Қадам Қытай үшін ауыр зардап әкелетінін ескерткен. Дегенмен, бұған да қарамастан Бейжің ұстанымын қайта қарауға бекінген болса, бұл жаһандық соғыс қаупі артты дегенлі білдіреді.

Ресей Қытайдан әскери мақсаттағы ұшқышсыз ұшу құрылғыларын, түрлі оқ-дәрілерді және әскери жабыдықтауды сұрап жатыр. CNN арнасының хабарында Ресейдің сұраныстары арасында әскерлерді азық-түлікпен қамтамасыз етуде бар. Бұған қарап соғыс Ресей күткеннен әлде қайда ұзаққа әрі қиынға соққанын көрсетеді. Батыс санкцияларынан кейін Ресейдің экономикалық жағдайы ауыр жағдайда қалды, бұндай жағдайда Ресей экономикалық және қаржылық қолдауға мейлінше зәру. Украинаға басып кіргеннен кейін құны 640 млрд долларлық құнға ие алтын-вадюта қоры бұғатталып, ішкі-сыртқы қарыздарын өтеуде де үлкен қиыншылыққа ұшырады. Дегенмен, юанмен сақталған резервтері арқылы Қытайдың көмектесуге мүмкіндігі бар.

АҚШ Қытайдың Ресейге қолдау көрсету туралы ниетінен қайтаруға тырысып көргенімен, бұдан еш нәтиже шықпайтынын білді. Себебі, Батыспен қарсыласу жағдайында Бейжің мен Мәскеу бір-біріне жақындай түсті. Енді АҚШ үшін Еуропаны Қытаймен сауда және өзге қарым-қатынастарын қайта қарауға көндіру қалғандай.

The Qazaq Times