Ресей әскері Ураина жерінде әскери шабуылдар жүргізіп жатқанда Путин Қытай басшысы Ши Жинпыңмен телефон арқылы сөйлескен. Әрі, бұл сөйлесу кезінде президент Путин Украинамен жоғары деңгейде келіссөз өткізуге дайын екенін білдірген.
Бұл мәліметтерден бұрын Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеме жасап, Ресей президенті Владимир Путинді келіссөзге шақырып, бейбіт халықтың зардап шегуін тоқтатуға шақырған еді. Онда ол Украинаның блоктарға қосылмау мәртебесі бойынша келіссөз өткізу жөнінде айтады.
Қытайдың ресми ақпарат агенттігінің хабарында, бүгін түстен кейінгі (25 ақпан) телефондағы диалогта Путин мен Си Украинадағы қақтығыс бойынша пікір алмасқан. Путин сөзінде Ураина мәселесінің тарихи мәні мен Мәскеудің ұрыстағы және жалпы жағдай бойынша ұстанымдарын айтқан.
Қытайдың ресми теле арнасы таратқан хабарда Путин АҚШ пен НАТО-ны «Ресейдің заңды қауіпсіздік мәселелеріне ұзақ уақыт бойы мән бермеді, бірнеше рет міндеттемелерден бас тартты» және «Ресейдің стратегиялық түбегейлі деңгейіне күмән келтіре отырып, шығысқа әскери орналастыруды үздіксіз ілгерілетті», – деп айыптаған.
Осы хабардан кейін Кремльдің баспасөз қызметі де мәлімдеме жасап, Зеденскийдің ұсынысына сай Мәскеу тарабы Беларусьқа делегация жіберуге дайын екенін айтты.
Зеленский ортаға салған Украинаның блоктарға қосылмау мәртебесі туралы ұсынысы Мәскеудің АҚШ пен НАТО-дан іздеген ең маңызды қауіпсіздік кепілдіктерінің бірі болып келген «НАТО-ға қосылу ниетінен бас тартуы» ретінде қабылдануда. АҚШ пен НАТО-ның Ресей талабына келіспеуі Путиннің Украинаға қарулы басып алу әрекетіне себеп болған еді.