Иран ядролық келісімі жөніндегі келіссөздің сәтсіздігі аймақтағы тамыры тереңде жатқан қайшылықты қайшылық қоламтасын қайта үрлеп, Орта Шығыстағы қақтығыс қаупінің артатынын айтқан едік. Бұның алғашқы көріністері де жүз беріп жатыр. Бір күн бұрын АҚШ пен Израиль Иран ядролық бағдарламасына қарсы ортақ мәлімдеме жасады. Онда Иран ядролық бағдарламасы «аймаққа үлкен қауіп төндіреді» делінген. Әрі, АҚШ пен Израиль Теһранның ядролық бағдарламаны жүзеге асыруына жол бермеуге уәделесті.
Израиль мен АҚШ-тың арнайы делегациялы бір үстелде отырып, Иранның аймаққа төндіретін қауіптерін жан-жақты талқылаған. Мысалға, террорлық ұйымдарды қолдауы, өзінің ықпал ету аймағын кеңейту әрекеттері және ядролық бағдарламасы секілді Теһраннан келетін түрлі қауіптерді талқылаған. Нәтижесінде, Тель-Авив пен Уашингтон Иранды аймақтың тұрақтылығына қатер төндіруші деп бір ауыздан таныды.Бұл дегеніміз, АҚШ пен Израиль енді Иранға қарата ортақ қадамдарды жүзеге асырады дегенді білдіреді. Ал, оның ары жағында аймақтағы геосаяси, әскери іс-қимылдардың жиілігін арттырып, аймақта қақтығыс қатері де күшейетінін меңзейді.
Иран мәселесін талқылаған Тель-Авив пен Уашингтонның делегациясыларын екі елдің де ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бас кеңесшілері бастаған. Бір тарапта Байденнің кеңесшісі Марк Салливан, енді бір тарапта еврей мемлектінің қазіргі үкімет басшысы Навтали Беннеттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Ейал Хулатта. Бұл екеуінің кездесінен кейін Израильдің жоғары лауазымдыларының мәлімдемесі қатқыл шықты. Олар дипломатия сәтсіз болған жағдайда, Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермес үшін алдын ала соққы берілуі де мүмкін екенін мәлімдеді.
Қазіргі бейбіт жағдай мен Иранның тұрғысынан айтқанда бұл мәлімдемелер соғысқа шақыру дабылы қатарында қабылданары анық.
Енді мәселеге жалпылық тұрғысынан көз жүгіртіп көрелік. 2015 жылы Иранның ядролық бағдарламасын тоқтату үшін алты ел Теһранмен келіскені белгілі. Оның қатарында АҚШ та бар. Келісім бойынша Иранға салынатын санкциялар жеңілдетілуі тиіс еді. Бірақ, Барак Обама әкімшілігі қол қойған келісімді Трамп үкіметі танымайтын болып шықты, келісімнен біржақты бас тартып, Иранға қарсы санкциларды қалпына келтірді. Иран АҚШ-ты келісімді бұзды деп айыптап, өзінің ядролық келісімдегі міндеттерін орындаудан бас тартты, уран байыту мөлшерін жоғарылатты.
Трамп неге келісімнен шықты? Құрама Штаттардың әкімшілік-саяси жүйесінің ерекшелігі сол, бір президенттің қол қойған келісімдерін келесі президент міндетті атқаруы тиіс емес. Президент Трамп өз кезегінде Иранмен келіскен келісімді тиімсіз деп тапты, оның ойынша аталмыш келісім Иранды экономикалық санкциялардан босатқанымен, Теһран билігі ядролық бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндіктер беріп қояды екен.
Әрине, АҚШ президенттерінің шешімі жеке өз тарапынан жасала беруі екі талай. Парламенттік билік жүйесі деген күнде де, Конгресс шешіміне әсер ететін ұйымдар, қаржылық топтардың бар екенін жасыру қиын. Бұрын болмаса да, қазір белгілі болғандай, Трамптың бұл шешіміне Израиль тікелей әсер етті. Израиль әуелден Иранның ядролық бағдарламасын дипломатиялық жолмен тоқтатуға келіскен емес және оны мүмкін емес деп санайды. 2015 жылғы келісімнен кейін де Израиль өзінің барау агенттерінің мәліметтеріне сүйене отырып, Иранды ядролық бағдарламасын жасырын жүзеге асырып жатыр деп айыптаған-ды.
Ал, Дональд Трамп пен Израиль арасында оның еврей күйеу баласы, яғни қызы Инванка Трамптың күйеуі Жаред Кушнердың факторын да осы арада айта кетуге болады. Президенттің кеңесшісі ретінде Израильге Дональд Трамптан бұрын сапармен барды және президенттің Израильдегі сапарында да бірге жүрді. Қысқа ғана төрт жыл ішінде Кушнердің Тель-Авивпен байланысының қою болғаны анық байқалды.
Израиль ұзақ жылдардан бері араб елдерімен геостратегиялық қайшылықта өмір сүрді. Бірақ, жыл өткен сайын еврей мемлекетінің бәсі арабтың ондаған елінен басым түсе берді. Ендігі жерде Израильдің аймақтағы қарсыласы арабтан көрі парсылар екені белгілі бола түсті. Үйткені, бір ұлт, бір сенім болғанына қарамастан Орта Шығыстағы араб елдерінің басы біріккен емес. Израильдің палестинаны жаулауына да өнімді қарсылық көрсете алған жоқ. Есесіне, Иран өзін аймақтағы маңызды ойыншы ретінде көрсетіп келеді. Әрі, Сауд Арабиясы сынды басты қарсыласынан Йемен, Ирак, Сүрия секілді араб елдерінде басымдығын байқатты.
Қазіргі жағдай тұрғысынан қарағанда, АҚШ пен Израиль алдағы уақытта Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермес үшін қандай қадамдар жасайтынын маңызды. Егер, бұл екеуі Иранға қарсы әскери операцияларды қолданса, бұл Орта-Шығыста бітпес соғыстың басталуына соқтыруы да ғажап емес.
Есхат Сұлтан