Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың соңғы мутацияланған түрі «Омикрон» штамы әлемнің 89 елінен анықталғанын хабарлады. Ұйымның мәліметінше «Омикрон» штамының таралуы аса тез болғандықтан, бір жарым күн ішінде таралу аумағы екі есеге өседі. Бұған байланысты Батыс елдері карантиндік шараларды тіпті де күшейте түспек.
Америка Құрама Штаттарыннда «Омикрон» штамы табылғаннан бері кеше алғаш рет өлім тіркелді. Елдің денсаулық сақтау саласының мамандары азаматтарға Рождество кезіндегі мерекелік жоспарларын тоқтатуға шақырып жатыр. Егер мереке кезінде сақтық шаралары жасалмаса реанимация бөлімдерінде науқастарға орын жетіспей қалуы мүмкін деп ескертті.
«Омикрон» штамы Оңтүстік Африкадан байқалғаннан бастап дамыған Батыс елдері бірден сақтық шараларын күшейткен еді, тіпті Оңтүстік Африкадан келген жолаушыларды шектеп, шекараларына кіргізбеген де. Алайда, соған қарамастан «Омикрон» Еуропа мен Американы қайтадан дүрбелеңге салды. Ең қиыны, «Омикрон» аса жылдам таралумен қатар, онымен ауырғандар арасында коронавирусқа қарсы толқы емдеуден өткендердің де саны мол.
Еуропа елдері арасында Британия Рождество мерекесі қарсаңында карантиндік шектеулер болмайтынын мәлімдеген еді. Алайда, Британиядағы індет жағдайынан Еуропаның өзге елдері қауіптеніп жатыр. Франция азаматтарына Британияға саяхаттау мен өзге де сапарлардан бас тартуға шақырса, Германия Британия азаматтарына шекарасын жапты.
Дегенмен, әуелгідей емес, Еуропа елдері шектеу шараларын тым қатаң ұстанып отырған жоқ. Германияның денсаулық сақтау мамандары аурудың бесінші толқыны болмай қоймайтынын, қандай шаралар болмасын оны тоқтатудың мүмкін еместігін айтады.
Германия, Франция, Португалия, Швейцария, Австрия, Нидерланд, Дания, Исландия және өзге де Еуропа елдері де шектеу шараларын қалпына келтірді.
Жонс Хопкинс универстиетінің мәліметіне сай, коронавирус індеті басталғаннан бері әлемде 275 млн шамасында адам індет жұқтырып, оның 5,3 миллионы көз жұмды.