Әлеуметтік желілерде Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның диссидент Арон Атабек пен Шаңырақ оқиғасы туралы және "Азаттық Радиосы" жайында айтқан пікірлері қызу талқыға тақырып болды. Депутат Бекболат Тілеухан 8 желтоқсанда "Азаттық"тілшісіне берген пікірінде Шаңырақ оқиғасы іс бойынша сотталған диссидент, ақын Арон Атабек марқұмды «елбұзар» деп айыптаған. Депутаттың сөзінше Арон Атабек те, "Азаттық Радиосы" да "артында басқа күштер тұрған" "елбұзарлар" болып шықты.
Бекболат Тілеухановтың айтысынша, «Шаңырақ оқиғасы» кезінде Арон Атабек оның көмекшісі болғандықтан, оның мүддесін қорғаған. Сол үшін ішкі істер министрі мен Алматының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен кездескенін айтады. Алайда, Бекболат Қанайұлы істің мән-жайын білгенде барып өзінің эмоцияға беріліп, істеген ісі үшін қатты өкінген екен.
«Бәрі заң бойынша болды. Мен қасында болған жоқпын. Маған дәлел келтірді. Қоғамдық көмекшімді қорғадым, бірақ оның ісі қате болды. Сот дұрыс жасады. Адвокаттардың, тексерушілердің сөзіне қарасақ, бәрі заңды», – деген депутат мырза Арон Атабекке берілген жазаны әділ деп санайтынын жеткізді.
Сондай-ақ: «... елгілі бір саяси күштердің мүддесін қорғағанын білгем жоқпын. Бүкіл күшіммен салынып кірісіп келдім де ең соңында опық жедім. Сол кезде шын жүрегіммен халыққа жаны ашиды деп қорғадым. Кейін саяси құрал, диссидент екеніне көзім жетті», – деген Тілеухан марқұм Атабекті «елбұзар» деп айыптайды.
Бұдан кейін депутат Арон Атабекті «қазақтың ақыны» деп атаған журналистке ашуланып: «Ол – орыстың ақыны, орыс мәдениетінің өкілі. Адам қай тілде сөйлесе, сол елге қызмет етеді. Ол кісі қалмақтың дініндегі пұтқа табынушы болған. Жүрегі де, тілі де, діні де қазақша емес», – деп салды.
Өкінішіне опынған депутат соңында елдігі ең басты тәуелсіз басылым Азаттық радисының тілшісіне «Американың ақшасына ұлтты сатып, қазақты қан-қақсатып жатқан адамсыңдар... мен фактіні айтып отырмын, мықты болсаңыз осыны [эфирден] жіберің», – деген.
Білдей бір билік партиясынан Мәжілісте депутат болып отырған Бекболат Тілеуханның жақында ғана көз жұмған Арон Атабек пен Азаттық тілшісіне қатысты мұндай алабөтен пікірі жұртшылықтың наразылығын қозғады.