АҚШ президенті Жо Байден мен РФ президенті Владимир Путин АҚШ-Ресей қарым-қатынасындағы проблемаларын және Украина мәселесін талқылау үшін бейне-конференция өткізбек. Ақ үйдің баспасөз қызметі кездесудің 7 желтоқсан күні өтетінін мәлімдеді.

Ақ үй баспасөз өкілі Жен Псаки сөзінде: «Көшбасшылар АҚШ-Ресей қарым-қатынасындағы кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде стратегиялық тұрақтылық, кибер және аймақтық мәселелерді талқылайды. Президент Байден талқыда Ресейдің Украина шекарасындағы әскери әрекеттеріне қатысты АҚШ-тың алаңдаушылығын да жеткізіп, Украина егемендігі мен территориялық тұтастығын қолдайтынын айтады», – деген.

Путиннің баспасөз өкілі Песков та кездесу туралы Interfax агенттігіне растаған. Ол кездесудің сейсенбі күні кеште болатынын айтқан.

Мәскеу соңғы уақытта Украина шекарасына жақын аумақта ауыр қол жинап, әскери техникаларды топтастырып отыр. Ресейдің бұл әрекеті Украина ғана емес, Еуропа елдерімен қатар АҚШ-ты да алаңдатты. Байден өткен жұмада журналистерге берген жауабында Ресейге жауап ретінде бірқатар жоспарларды жасап отырғанын айтқан еді.

НАТО мүшелері де жағдайға қатысты мазасыз күйде. Осы аптада алянс мүшелерінің СІМ басшылары кездесіп Ресейдің қауіпті әрекетін талқылайды. Ұйымның бас хатшысы Столтенберг Ресейге ескерту жасап, қауіпті қадам Ресейге зор шығын әкелетінін айтқан.

Ал, АҚШ шенеуніктері Ресей Украинаны ауқымды басып алуға ұрынса тұтастай қаржылық мүмкіндігін кесіп тастаудың жоспарларын ақылдасуда.

The Qazaq Times