16 қараша күні Ақмола облысындағы Шортанды кентінде газ баллоны жарылып, қайғылы жағдай болды. Үш адам қаза тапты, тағы 10 адам түрлі деңгейде жарақат алды.
Ресми мәліметке қарағанда, апат 16 қарашада кешкі сағат 21.38-де Линейная көшесінде болған. Жатақ ретінде салынған үйде газ жарылып, арты өртке ұласқан. От 350 шаршы метр аумақты шарпыған.
«Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 35 қызметкері мен 7 техникасы, «Жер Ана» жауапкершілігі шектеулі серіктесігі мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің 4 қызметкері мен 1 техникасы тартылды. Түнгі сағат 23.55-те өрт толық сөндірілді», – деді төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнынан 3 адамның денесі табылды. Тағы он адам түрлі дене жарақаттармен аудандық орталық ауруханаға жеткізілд
«Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Ақмола облыстық полиция департаментінде жедел тергеу тобы құрылды. Өрт зертханасының мамандары да тартылып отыр», – деп толықтырды министрлік өкілі.
Ведомство азаматтарға тұрмыстық газ баллонын қолдануда өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға үндеді.
Сәрсенбі таңда Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде оқиғаның мән-жайына арналған брифинг өтті. Нақтыланған ақпаратқа сәйкес, екі ересек адам мен бір бала көз жұмған. Өртенген тұрғын үйде қонақтықта адамдар болған.
«Зардап шеккендер бір отбасы мүшесі емес, шақырылған қонақтар да бар. Екі отбасы зардап шекті, 5 ересек адам, қалғаны бала. Үй иелерінің өздері — үш ересек, төрт бала. Оларға тағы бір отбасы қонаққа келген, екі ересек және үш бала. Барлығы 12 адам пәтерде болды, оның үшеуі қаза тапты», – деді облыстың төтенше жағдайлар департаментінің өкілі.
Департамент дерегінше, 2009 және 2012 жылы туған екі бала жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратында жатыр. Олардың жағдайы ауыр. Полиция тергеу жүргізе бастады. Алдын ала жасалған болжам бойынша, апаттық оқиғаға газ баллонын ережеге сай бойынша пайдаланбау себеп болуы мүмкін.
Ақпарат толықтырылды