Мас күйде немесе ес-ақылынан айыратын заттарды қолданған көлік жүргізушілеріне қатысты жауапкершілік күшейіп, жаза қатайғанымен, – жол бойында болатын қылмыстық оқиғалардың саны азаймай тұр. Бұл туралы Бас прокуратура QT редакциясының сұрауына жолдаған жауабында хабарланды.
Қазақстанның Бас прокуратурасы жауапкершілік қатайғанымен нәтиже бермегенін айтады.
«Алайда жаңа жеке қылмыстық бап енгізілгенмен, мас күйде жасалған жол-көлік қылмыстарының саны азайған жоқ. Статистикаға сүйенсек, биыл 9 айда (2021 жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында – QT) бұл қылмыс 12,4%-ға, 201-ден 226-ға дейін өсіп отыр», – делінген прокуратура органының орталық аппараты жолдаған жауапта.
2019 жылдың соңына қарай Қылмыстық кодекстің 345-1-бабына, көлікті масаң күйде немесе алкоголь және есірткі қолданып жүргізетіндерге жазаны қатаңдату туралы заң күшіне енген еді.
Заңдағы өзгеріске сәйкес, көлік құралын басқаруға құқылы жүргізуші «алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде» әлдекімнің денсаулығына түрлі деңгейде зиян келтірген жағдайда лауазымынан 10 жылға дейінгі мерзімге шеттете отырып, қосымша 1000-3000 АЕК айыппұл салу, 400-1200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту, бір я үш жылға дейін бас бостандығын айыру немесе шектеу жазаларының бірі тағайындалады. Егер бір немесе одан көп адам қайтыс болса, 10 жылдан өмір бойына дейінгі уақытқа жүргізуші куәлігінен айыра отырып, 7 я 10 жылға дейін бас бостандығын шектеуге не айыруға жазаланады.
Заң қатаймас бұрын, 2020 жылға дейін осы тақілеттес жағдайда егер адам денсаулығына ауыр зиян келтерсе, 3 мың АЕК айыппұл, 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу, 6 жылға дейін белгілі лауазымды атқару және қандай да бір қызметпен айналысу құқығы шектеу, ал өлім жағдайы оры алғанда 5-7 жылға дейін бостандығын шектеу, 7 жылға дейін белгілі лауазымды атқару және қандай да бір қызметпен айналысу құқығы шектеу жазасы қолданылып келген.
Ресми есепке қарағанда, Қазақстанда жыл сайын 30 мыңнан аса мас күйде көлік жүргізу деректері тіркеледі. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғалары салдарынан орташа есеппен екі мыңдай адам қайтыс болады, оның 90%-ы жүргізушілердің кінәсінен болады.