Алматы облысында «ұлтаралық қақтығыс» ретінде сипаттала бастаған Пенжімдегі оқиға туралы билік өкілдері ресми түсініктеме берді.
Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев сәрсенбі күні Пенжім ауылында болған оқиғаны «жастар бұзақылығы» деп атаған. Бейсенбі күндіз «Мәдениет үйінде» өткен жиын барысынан тікелей эфирде ақпарат таратқан Азаттық радиосының мәліметіне қарағанда, ондаған баланың арасында болған төбелестен бір бала жарақат алған.
«Ол неден шықты? Розыбакиев атындағы мектепте балалар төбелесіп қалып, бір бала ауруханаға түскен. Жарақат алған, бала аман-есен. Мен бүгін кіріп шықтым. Бас дәрігерді көрдік. Аяқ-қолы сау, сөзі дұрыс, түнде операция жасады. Басынан жарақаттанған. Гематоманы алып тастады. Баланың өзімен сөйлескен кезде «жағдайым жақсы, бәрі дұрыс» деді. Сол үшін түнде жастар ұлттық мәселені көтеріп жиналған. Бұл жерде ұлттық мәселенің еш қатысы жоқ. Облыс әкімінің тапсырмасымен штаб құрылды» деген аудан әкімі Өмірәлиев
Ұлты қазақ деп айтылатын зардап шеккен 16 жастағы жоғары сынып оқушысы Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасына түскен. Дәрігерлердің айтуынша, ауыр дәрежелі ашық бас сүйек-ми жарақаты диагнозы қойылған.
Қазанның 27-сі он мыңнан аса қазақ-ұйғыр аралас тұратын Пенжім округі орта мектептерінің бірінде оқушылар төбелесіп, аяғы тәртіпсіздікке айналған. Әлеуметтік желілерде оқиға қатысы бар деген бірнеше видео жарияланған. Түнде 30 шақты адам жиналып, кей үйдің әйнегін шаққан, көліктерді бүлдірген. Полиция түнде жастарды таратқанын айтады. Сонымен қоса, «Топпен жасалған бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қанша адамның ұсталғаны белгісіз.
Қазақ-қытай шекарасының түбінде орналасқан ауылдың «үлкендері» мен жергілікті билігі «екі баланың шекісі үшін бүтін елді бүлікке ұшырату орынсыз» деп есептейді.
Көпшілік жиында сөйлеген жергілікті тұрғындар ұлтаралық қақтығыстың үшінші рет қайталанып отырғанын айтады. Кейбір тұрғындар қазақтар «үнемі таяқ жеп, кейіннен кешірім беруге» әдеттенгенін алға тартты. Ұйғыр ұлтының атынан бірнеше азамат кешірім сұрап, пікір білдірді. Жиналыста сөз алған айтыскер Жандарбек Бұлғақов «Ешкім заңсыз қудаланбауы керек және шаңыраққа қарап, қазақты сыйлауға міндетті» деген талап қойды.