АҚШ-тың Федералды Барлау қызметі Ресей олигархына тиесілі үй-жайларға тінту жүргізді. Ресей президенті Путинмен байланысты бар деген миллиардер Олег Дерипаска 2018 жылдан бері АҚШ санкциясына ілінген болатын.
Дерипасканың ресми өкілі ақпарат құралдарына берген мәліметінде, миллиардердің жақындары иелік ететін Уашингтон мен Нью-Йорктегі екі үйге тінту жүргізген. ФБҚ қызметкерлері бұл үшін сот шығарған ордердің бар екенін де көрсеткен. Барлау қызметкерлерінің Дерипаскаға тиесілі делінген Уашингтондағы үйден қораптарды көтеріп шығып жатқан суреттері ақпарат құралдарына тарады.
Қазірше FBI тарабы тінту істерінің не себепті жүргізілгені туралы анық мәлімет таратқан жоқ. Агенттік өкілі тек барлық істердің заң шеңберінде атқарылып жатқанын ғана айтқан.
АҚШ Қазына департаменті 2018 жылы ресейлік бірқатар қалталылар мен ресми тұлғалардың АҚШ-тағы активтеріне санкция салған болатын. Соның қатарында Олег Дерипаска да бар. Бұл Ресейді 2016 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауға араласты деген айыптан кейін шығарылған шешім болатын. Алайда, Мәскеу тарабы бұл айыпты жоққа шығарады.
Ресейлік олигарх Дерпаска биыл 53 жаста. Оның 1990 жылдары металл саудасымен байыған Дерипаска 1997 жылы Ресейдегі ең ірі «Базалық элемент груптың» негізін қалаушы. Ресей президенті Владимир Путинмен тығыз байланыста делінген олигархтың президент Трмптың сайлауалды тобына жетекшілік еткен Пол Манафортпен де байланысының тығыз екені анықталған.
Ең қызығы, президент Трамп қызметке кірісіп бір жыл өткенде Дерипаскаға байланысты үш кәсіпорын санкция тізімінен шығарылған. Ал, онымен байланысы бар делінген Пол Манафорт алдамшылықпен айыпталған болса да Трамп қызметінен кетер алдында кешірім берген.