Әрбір ата –ананы балаға білім беру мәселесі толғандыратыны анық. Баласы мектепке барарда өзіне білім берудің маңыздылығы, қажеттілігі, сапасы туралы сұрақ қояды. Ал, қыркүйек ата-аналар үшін тіпті мазасыз ай. Олар балаларымыз мектепке барады деп қуанудың орнына, қалай оқытамыз деп алаңдайды. Себебі, ата -аналардың алдында күрделі мәселелерге тап болады. Мәселен, олар үшін жақсы білім беретін мекемені, білікті мұғалімді таңдау да оңайға соқпайды. Жалпы алғанда, жаңа оқу жылы елді елең еткізетін жаңалықтармен басталды. Алғаш рет еліміздегі мектептердің бірінде «Ю» сыныбы ашылды. Әрине, бұл бірінші сыныпқа келген оқушылардың көптігінен екені белгілі. Онсыз да бала саны толық сыныптар шектен шығып, «А» дан «Ю»-ға келіп бірақ жетті. Бұл мектептегі орын жетіспеушілігінің анық көрінісі. Егер білім мекемелері халық санын есепке алып салынған жағдайда бұлай болмас еді. Пандемия- біздегі денсаулық сақтау жүйесінің қандай деңгейде екенін ашып көрсеткен секілді, «Ю» сыныбының ашылуы білім саласындағы кемшіліктерді жайып салды.
Интернет, бұқаралық ақпарат құралдары түгелдей жағымсыз жаңалықтарды жазуда бір-бірінен асып түседі. Ондай хабарлар адамды күйзеліске ұшыратуы мүмкін. Тіпті өзге елдер біздегі балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларына, мектеп оқушылары баратын далада орналасқан дәретханаларға, қауіпсіздік шараларына қаржының бөлінбегеніне, қатты қорқып суицид жасаған балалар санының өсіп кеткеніне таң қалады. Ата-аналар осының бәрін БАҚ пен ғаламтордан оқып біліп отырғаннан кейін біздегі білім беру жүйесіне бей-жай қарай алмайды. Оған ақпараттың қолжетімді болуы да әсер ететіні анық.
Дегенмен, мемлекет басшысының мектептегі білім сапасы, оның қолжетімділігі, білім беру бағдарламалары мен жобаларын дамыту, жетілдіру мәселелеріне үнемі тоқталатындығы кездейсоқ емес. Себебі, салада кезек күттірмей шешуді түйіткіл жайттардың бар екені белгілі. Оны республика басшылары ғана емес жергілік билік өкілдері, шенеуніктер мен ата-аналар бірігіп талқылап шешуі тиіс.
Жыл сайын жаңа пәндер қосылып, бұрынғысын алып тасталады. Оқу бағдарламаларының үнемі өзгеріп тұратындығы қоғамда кеңінен талқыланып келеді. Мәселен, "Әліппе" мен «Букварь» бағдарламада біресе пайда болады, біресе оны алып тастайды.
Мұғалімдерге арналған оқулықтарды, бағдарламаларды, курстарды жаңартуға жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қаншама қаржы бөлінетінін есептей беріңіз. Бұған ондаған мектептер, кітапханалар салып, компьютерлік сыныптарды жабдықтауға болар еді. Әрине, көпшілік мектеп бағдарламасының тұрақты болғанын қалайды. Бұрыннан оқытылып келе жатқан пәндер ұрпақтар арасындағы «көпір» болғандықтан ғана емес, білімнің іргетасы екендігіне, оны оқыған бала кейін білімді жасқа айналатына сенімді болуымыз қажет. Қазір сабақты баламен бірге ата-ана да қосылып оқиды. Сондықтан, әркім жүйедегі өзгерістерден түгелдей хабардар. Білім сапасын жақсартуға мұғаліммен қоса оқушылардың әке-шелері де мүдделі.
Сабақтың мазмұны, тапсырмалар, сұрақтар, ата -аналармен талқыланатын тақырыптар бұл бөлек әңгіме. Әлбетте, цифрландыру жағдайында әлеуметтік желінің ықпалы күшті. Қазіргі уақытта ҚР Білім және ғылым министрлігі сынға бірден жауап бере бастады. Оған қоса, әдебиеттерді, оқулықтардың мазмұны мен тестілеу мәселелерін жаңартуы қуантады. Бірақ бәрібір оқу жүктемесі балаларға ауыр тиеді. Кейбір жоғары сыныпта өтуі тиіс тақырыптар бастауыш сыныпта оқытылады. Қазақстанның қалыптасуы мен қазақ хандарының рөлін зерттеуге ешкім қарсы емес. Бірақ 3-сыныпта Тәуке ханның "Жеті Жарғысын", "Аңырақай" мен "Орбұлақ" шайқастарының айырмашылықтарын түсіндіру қиын. Әлбетте, мемлекеттік саясат пен насихат, патриотизмді қалыптастыру соған тәрбиелеу мектеп бағдарламасында көрініс табуы керек. Бірақ 2021 жылы шыққан «Познание мира» оқулығында "Томиристен ұрыс алдында және парсылармен шайқастан кейін не туралы сұрар едіңіз?" деген сауал 1-сыныптың баласын тұрмақ үлкен кісінің өзін ойға қалдырады.
Жұртшылық екі ауысымды, тіпті үш ауысымды мектептегі білім беру жүйесіне еті үйреніп кетті. Ал шын мәнінде бұл соғыс пен миграциялық дағдарысты бастан кешірген кедей елдерге ғана тән. Онда ауысымдық оқыту дағдарыс кезіндегі уақытша жағдай ретінде қабылданады. Бірақ Қазақстанда барлық мектеп оқушыларының 80% -ға жуығы екі ауысымды мектептерде оқиды. Бұл үрдіс жағдайдың нашарлағанын көрсетеді. Үш ауысымды мектептер саны азаюдың орнына өсіп келеді. 2015 жылы ондай 87 білім ошағы болса, 2021 жылы 130-ға жетті. Ал, ғаламтор беті Білім және ғылым министрлігінің уәделері мен жобаларына толы. Қазақстан 2016 жылдың өзінде үш ауысымды мектептердің санын екі есеге қысқартпақ болған. Болжам бойынша, 4 жыл ішінде Қазақстанда кем дегенде 500 000 мектеп орны жетіспейтін болады. Қазірдің өзінде 220 мыңнан астам орын тапшы. Бірақ оны шешу үшін нақты шешім қабылданып жатқан жоқ. Жоғарыдағылар тек халық арасындағы демографиялық өсімді алға тартып, қаржыландырудың жоқтығын айтумен шектеледі. Дұрыс жасалмаған жобалар, құрғақ уәде осының бәрі мемлекеттік басқарудағы дағдарысты растайды
Салада бұдан өзге де проблемалар жетіп артылады. Бастауыш сынып оқушыларының тегін тамақтанбауы, қосымша сабақтардың өткізілмеуі, ғаламторға қатысты техникалық ақаулар да ата-аналары үшін үлкен кедергі. Әрине, оны айтпай кетуге болмайды. Осының барлығы барлығы балалардың сапалы білім алуына өз кедергісін келтіріп жатыр. Жалпы, үш ауысымды оқыту, баяу қосылатын интернет, сыныптардың толып кетуі мен мұғалімдердің жетіспеушілігі жағдайында сапалы білім жайында сөз қозғаудың өзі артық.
Сондықтан, ата-аналар аз да болса сапалы білімге қол жеткізу үшін үлкен қалалар мен аудан орталықтарына көшіп әлек. Ал, ауылдардағы мектептер бос қалып жатыр. Бұл таңқаларлық жағдай емес. Қайта бұл білім беру саласындағы түйіткіл мәселені ашып көрсетті. Оған қоғам болып, мемлекет болып назар аудармаса, оның түйіні жақын арада шешілмейді. Осыған қарап балалардың ғана емес, бүкіл ұлттың болашағы не болмақ, деген ой туындайды.
А+ сараптама орталығы