Қазақстанның Халық партиясы баға өсіміне қарсы жүргізілген күрестің тиімсіздігінен және инфлияциялық жасырын салықтың салдарынан қарапайым жұрт шығынға батты деп есептейді.
ҚХП депутаты Айқын Қоңыров бүгінгі мәжіліс отырысында Үкіметтің инфлияцияға қарсы күрес саясаты дұрыс сипатта жүргізілмеуін сынап, бұдан халықтың зардап шегіп отырғанын мәлімдеді. Фракция депутаттары вице-премьер Әлихан Смайыловқа инфлияциямен күресте жіберілген қателіктер үшін кімдердің жауапқа тартылғаны жөнінде сұрау жолдады.
«Шынайы жағдайды көріп отырғанымыз. Партия сайлаушылары ресми статистика мәліметтері мен нарықтағы бағаның айырмашылығы айтып жиі шағымданады. Ресми есепте көрсетілгендей, азық-түлік бағасының 11,04% -ға қымбаттауы масқара жағдай! Шындап келгенде бұл кемітілген көрсеткіш, соның өзінде сорақы. Халық тұтынатын аса маңызды тауарлар 50%-ға дейін қымбаттаған. Сонда декларациялық құжаттар орындалмаса, оның қажеті бар? Инфлияция болжамының сәтсіз шығуына жауаптылар ләм-мим деген сөз жоқ, неге ешкім жауап бермейді?» – деп сұрады депутат.
Қазір қымбатшылықтың бар себебін әлемдік құбылысқа ысырып, ақтайтын атқамінерлер көп. Дегенмен пандемия жағдайының ықпалы мен сыртқы факторлардан тыс салаларда да негізсіз өсім байқалады.
«Сұраныстың тосыннан жылдам өсуі құбылысына байланысты Қазақстанда жағдай мүлде басқа. Себебі азаматтардың табысы айтарлықтай артқа қойған жоқ. Дәнді-дақылдар: картоп, күнбағыс майы мен жұмыртқаға сұраныс баяғыша өзгеріссіз. Көптеген тауарлар бойынша әлемдік нарыққа тәуелді емеспіз. Елімізде дәнді-дақылдар өндірісі ішкі нарықтың 96,4%-ын, ал өсімдік майы 80,5%-ды қамтамасыз етеді. Соған қарамастан, дәнді-дақылдар 22%-ға, өсімдік майы 52%-ға өсті» – деді Айқын Қоңыров.
Фракция жетекшісі осылайша кәсіпкерлер импортқа тәуелсіз тауарларын негізсіз қымбаттатып, халықтың қалтасына салмақ салу арқылы еселеп табысқа кенеліп жатқанын айтады. Ол мұны «инфляциялық бейресми-жасырын салық» деп атады. Халықтың табысы ортайып, инфляция артқандықтан, отбасылық бюджеттің басым бөлігін күнделікті азық-түлік өніміне жұмсауға мәжбүр.
Партия келтірген дерекке сәйкес, биыл қаңтар-шілде айларының аралығында халықтық тұтыну өнімдерінің инфлияция өсімі 245 млрд теңгеге жеткен. Үкіметтің нәтижесіз инфляцияға қарсы күресі туралы депутаттар бірнеше мәселені күн тәртібінде дереу қолға алуды тапсырды.
Қазақстанның осы заманғы жаңа тарихында 2021 жыл эконмикалық және халықтың әлеуметтік тұрмыс-ахуалы жағынан ең ауыр уақыт ретінде өтіп жатыр. Елде жұмысшылар табы табысты арттыру, еңбек жағдайын жақсарту талабымен ондаған ереуіл өткізді, әлі де жалғасып жатқаны бар. Сарапшылар жұрттың тұрмысы әбден нашарлап, кедейлік шегінің артқанын, жұмысы тұралағанын айтып дабыл қағып келеді.