Астананың әкімшілік соты ресейлік «Сбер» компаниялар тобымен меморандум жасасқан премьер-министр Асқар Маминді сотқа берген белсендінің шағымын кері қайтарды.
Бұл жөнінде 17 қыркүйекте азаматтық белсенді Санавар Закирова Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.
«Меморандум әкімшілік акт емес – тараптардың әріптестік жайлы келісімі, қоғамдық-құқықтық емес, рекомендациялық сипатқа ие. Аталған меморандумға қол қою әкімшілік әрекет болып саналмайды» делінген судья Құранбек бейсенбіде шығарған шешімде. Сонымен қоса, шағымды әкімшілік өндіріс тәртібінде қарауға келмейтіні жазылған.
Белсенді Закирова QT редакциясына апелляциялық сотқа шағым түсіретінін хабарлады. Ол осы аптаның басында Қазақстан Үкіметінің басшысы Мамин мен жартысына Ресей билігі иелік ететін «Сбер» компаниясы басшылығы жасасқан келісімді сынап, оның «Конституцияға қайшы және Қазақстан азаматтарына қауіп төндіретінін» айтып сотқа шағым жазған еді.
3 қыркүйекте Қазақстан үкіметі ресейлік «Сбер» компаниялар тобымен Қазақстанның цифрлық үкіметіне арналған платформа құру жөнінде меморандумға азаматтық қоғам келісімінсіз қол қойған.