«Талибан» құрған жаңа үкіметтің жоғары жетекшілері арасында жанжал болды. Ауғанстанның жаңа көшбасшылары арасындағы қайшылық туралы бұған дейін расталмаған мәліметтер тараған болатын, кейіннен оны тәліптер ресми мәлімдеме арқылы жоққа шығарған еді. Алайда, жаңа үкіметтің жоғары жетекшілерінің бірі бұл туралы растап, BBC-ге мәлімет берген.
Жанжал «Талибан» ұйымын құрушылардың бірі және бұған дейін ұйымның Катардағы кеңесін басқарған Молда Абдул Ғани Барадар мен «Хаккани» соғыскерлер тобының жетекшісі болып келген Халил әлРахман Хаккани ортасында болған. BBC-дің пуштум тіліндегі қызметі хабарлағандай, президент сарайында болған жанжалға Барадар мен Хаккани ғана емес, олардың жанындағы жақтастарына қатысқан.
Барадар соңғы күндері осы келіспестікке қатысты ақпарат құралдары мен ашық кездесулерге шықпай қалғаны туралы хабарлар тараған еді. Мәлімет көздерінің хабарынша Барадардың жаңа үкімет құрамына көңілі толмайды. Әсіресе, Хаккани ортасындағы келіспеушілік «жеңісті кімнің атына жазу» мәселесі бойынша шықты деген мәліметтер айтылуда.
Барадар мен оның жақтастары жеңістің өзі секілді дипломат адамдардың еңбегінің нәтижесінде қолға келді десе, тәліптер жағында түрлі қарулы шабуылдарды ұйымдастырумен аты шыққан топтың жетекшісі Хаккани жеңісті қарулы күрес алып келді деген көзқараспен тартысқан.
Барадар АҚШ президентімен ауызекі сөйлескен алғашқы «Талибан» жетекшісі болғаны белгілі. Былтыр ол Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескен. Сондай-ақ Барадар «Талибан» атынан АҚШ-тың әскерін шығаруы бойынша келісімдерге қол қойған. Қазір жаңа үкімет құрамындағы премьер-министрдің үш бірдей орынбасарының бірі.
Хаккани тобы соңы жылдары шетелдік әскери күштерге қарсы шабуылдарды ұйымдастырып келді. Қуатты қарулы топ Ауғанстандағы барлық террорлық топтардың міндетті түрде санасатын қарулы күш ретінде белгілі болған. Бұл топты Құрама Штаттар террорлық ұйым ретінде таниды. Оның жетекшісі Сиражуддин Хаккани қазір ішкі істер министрінің қызметін атқарып тұр.
Барадар Хакканимен болған жанжалдан кейін бірнеше күн ашық көзге түспей қалғанда кейбір ақпарат құралдары оны Хаккани тобы жағынан өлтірілген болуы да мүмкін деген болжамда айтқан. Бұл тартыс онша ауқымды көрінбегенімен, алдағы уақыттағы тәліптердің Ауғанстандағы билігінің негізігі проблемаларының бірін айқындап тұр.