Бүгін, 7 қыркүйекте Шымкент және Ақтөбе қаласында вакцина салуға қарсы азаматтардың наразылық шарасы өтті. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.
Басылым мәліметінше, Шымкент қаласы әкімдігінің алдына 20-дан аса әйел жиналып, "әкім шық" деп айқайлап, қала басшысы Мұрат Әйтеновтің шығуын талап етті. Бірақ әкімдіктен ешкім шықпады. Ал наразылар балаларды офлайн оқытуға және оларға коронавирусқа қарсы вакцина салуға қарсы екендіктерін жеткізді.
Азаттықтың жазуынша, сейсенбі күні осыған ұқсас шара Ақтөбе қаласының орталығында да өткен.
Ақтөбе облысы әкімдігінің алдына он шақты адам жиналып, балаларды вакциналауға қарсылық білдірді.
"Вакцина ал" дедіңдер – алдық. "Балаларға тиіспейміз" деп уәде бергенсіңдер. Ал енді істеп отырғандарың мынау. Елге 4 млн вакцина сатып алды. Енді оларды балаларға мәжбүрлеп салады" деді балаларға екпе егуге қарсылық білдірген ата-аналардың бірі.
Оқиға орнында полиция көп болды. Әкімдіктің артына арнайы жасақ мінген автобустар әкелінді. Наразыларға Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаева мен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова шықты.
"Осы жылдың төртінші тоқсанында [балаларға вакцина салу] жоспарланып отыр. Бірақ бұл әзірге, жоспар ғана. Тіпті вакцина салған күннің өзінде ата-ананың рұқсатымен салынады. Алаңдауға негіз жоқ. Бүгінгі таңда бізге балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салу туралы ешқандай тапсырма берілген жоқ. Балалар күнделікті сабаққа барып жүр" деді Айгүл Күштаева.
Жұрт олардың жауабына қанағаттанбады. Бертілеуованың айтуынша, жаңа оқу жылы қарсаңында созылмалы ауруы бар 50 баланың ата-анасы балаларын мектепке жібермей, үйден оқытып отыр.
Бұған дейін Қазақстанда қазан айында 12 жастан бастап балаларға коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасы салынуы мүмкін екені хабарланған еді. Министрлік вакцина ата-анасы немесе қамқоршысының рұқсатымен ғана салынады деп мәлімдеген.