"Талибан" қозғалысы Панжшер шатқалын қорғап жатқан қарулы күштердің жетекшісі, бұрынға танымал дала қолбасшысы Ахмад Шах Масудтың ұлы Ахмад Масудқа талап қойды. Олар Масудқа жақтастарымен бірге қаруын тастау үшін төрт сағат уақыт берді. Келіспеген жағдайда жазаға тартпақ.
Ахмад Масуд Ауғанстанда билік тәліптерге өткен соң өліспей беріспейтінін мәлімдеген. Ол тәліптермен келіссөзге отырып, мәмілеге келуге дайын екенін аңғартқан еді. Масуд тәліптерді қатыстыра отырып, үкімет құруға шақырды. Тәліптер диалогтан бас тартса, соғыс болатынын айтты.
Reuters агенттігіне телефонмен берген сұқбатында Ахмад Масуд тәліптермен бейбіт келіссөз өтеді деп үміттенетінін, дегенмен өзіне қарайтын қарулы күш ұрысқа дайын екенін білдірді.
Панжшер шатқалы — Ауғанстанның тәліптер бақылауына өтпеген соңғы аймағының бірі. Бұл өңір халқының басым көпшілігі этникалық тәжіктер.
15 тамызда Кабулды соғыссыз алған тәліптер "Ауғанстанның бүкіл аумағын бақылауға алдық, соғыс аяқталды, Ауғанстан ислам әмірлігі құрылады" деп жар салған. Президент Ашраф Ғани Ауғанстаннан шығып кеткен. Ал Ахмад Масуд пен Ауғанстанның вице-президенті Әміролла Салих Панжшер шатқалында қарсыласу күштерін жинайтынын хабарлаған. Оған тәліптермен жұмыс істескенді қаламайтын бұрынғы ауған үкіметінің жасақтары қосылған.