Токио олимпиадасында еркін күрестен 57 келі салмақта күрескен қазақстандық балуан Нұрислам Санаев қола медаль иеленді. Ол үшінші орынға таласта болгариялық Георги Валентинов Вангеловті жеңді.
Санаев Токио олимпиадасында алғашқы айналымда Фафе Диамантиноны (Гвинея-Бисау), ширек финалда 2017 жылғы әлем чемпионы жапон Юки Такахасиді жеңген. Бірақ жартылай финалда үндістандық Рави Кумарды жеңіп тұрып, соңғы сәтте қарсыласына есе жіберіп қойды.
Токиода еркін күрестен Қазақстанның тағы бір балуаны Данияр Қайсанов (74 кг) қола медальға таласады. Ол жартылай финалда ресейлік Заурбек Сидаковтан жеңілді.
30 жастағы Нұрислам Санаев Ресейдің Тува республикасында туған. Азан шақырып қойған есімі - Артас Санаа. 2014 жылы Қазақстан азаматтығын алып, осы елдің атынан жарыстарға қатыса бастаған. Қазақстанға ауысқанда есімін Нұрислам Санаев деп өзгерткен.
Ол 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс, 2019 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері. 2018 жылғы Азия чемпионы.
Бұл - Қазақстанның Токио олимпиадасындағы алтыншы қола медалі. Осыған дейін дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Зүлфия Чиншанло мен Игорь Сон, боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов Токиода қола жүлде иеленген.