Қазақстан боксшысы Қамшыбек Қоңқабаев Токиодағы олимпиада ойындарының жартылай финалында жеңіліп, қола жүлде иеленді.
91+ килограм салмақта сынға түскен Қоңқабаев 4 тамыз күні өткен жартылай финалда АҚШ боксшысы Ричард Торрестен мерзімінен бұрын жеңілді. Үшінші раундта мұрыны жарылған Қамшыбек Қоңқабаевқа рингтегі рефери жекпе-жекті соңына дейін жалғастыруға рұқсат берген жоқ. Кездесу тоқтатылған сәтте Қоңқабаев қарсыласынан 0-5 есебімен жеңіліп жатты.
29 жастағы Қоңқабевты жеңген 20 жастағы Ричард Торрес енді финалда әлем чемпионы, Азияның үш дүркін жеңімпазы, Өзбекстан боксшысы Баходир Жалоловқа қарсы жұдырықтасады. Жалолов жартылай финалда британиялық Фрейзер Кларкты жеңді.
Қоңқабаев – Токида жүлде алған қазақстандық алғашқы боксшы. Қазақстан құрамасының тағы бір боксшысы Сәкен Бибосынов (52 килограм) 5 тамыз күні жартылай финалда ұлыбританиялық Галал Яфайға қарсы жұдырықтасады. Қазақстанның қалған боксшылары жарыс жолынан шығып, жүлдесіз қалды.
Қазақстан құрамасынан Токиода дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон және Зүлфия Чиншанло қола медаль алған. 4 тамыздағы жағдай бойынша, Қазақстан төрт қола медальмен командалық есепте 75-орында тұр.