25 шілде күні Ақмола облысында дүлей дауыл жайпап өткен екі ауылда «төтенше жағдай» режимі енгізілмек.

Жексенбі кешкісін Изобильное және Бестөбе ауылдарында көтерілген дауылдан 5-10 минуттың ішінде 17 электр бағаны түбінен құлап, ондаған үйдің шатыры бүлініп-ұшып кеткен. Желекті алқапқа жататын ағаштарды тамырымен қопарып кеткен. 30-дан аса үйдің астаң-кестеңі шыққан. Бірқатар әкімшілік ғимараттар да айтарлықтай бүлінген. Негізгі трансформатор да құлағандықтан, 150-ге тарта нысан жарықсыз қалған. Қазіргі уақытта жедел штаб құрылып, электр желілерін қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр.

Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, жел 25-30 м/с жылдамдықта тұрған. Келген залалдың шығынын есептеу мақсатында комиссия құрылған. Жергілікті шенеуніктер зардап шеккен барлық тұрғынға көмектесуге дайын екенін білдіріп, өтемақы ретінде 100 мың теңгеден төлеуге уәде еткен.

«Бұл төлемге өтінім беру мерзімі үш ай. Құжаттарды уақтылы қайта рәсімдеп үлгермеген халықтың осы аралықта мүмкіндігі бар. Менің ойымша, екі күнд ТЖ басқармасымен жұмыстанып, әлеуметтік қорғау бағытында тамыз айының алғашқы күні зардап шеккен тұрғындарға ақша аударуға тырысамыз»,– деп түсіндірді Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов.

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаевтың айтуынша, ешкім назардан тыс қалмайды, алда Степногорск қаласы әкімдігі комиссия отырысын өткізеді.

Дүлей желден бүлінген трансформатор. Ақмола облысы, Изобильное ауылы. Фото: Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Дүлей желден бүлінген трансформатор. Ақмола облысы, Изобильное ауылы. Фото: Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметі

“The Qazaq Times”