Қазақстанда індет қарқыны үдеп, күн сайын аурушаңдық көрсеткіші рекордтық мәнде жаңарып жатыр. Коронавирус пен осы тектес пневмонияға шалдыққандар саны тағы 5441 адамға өсті. Сейсенбі күні 57 адам көз жұмды.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 14 шілдеде коронавирус (КВИ+) жұққан 5314 адам, ал 13-і коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 127 адам тіркелді. Қазір елде 48 мыңға тарта адам (КВИ+ бойынша 46 306, КВИ- бойынша 1522) ауырып жатыр.
#COVID ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары бір тәулікте тағы бір мыңға артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей астана (1576), Алматы қаласы (850) және Қарағанды облысында (603) тіркелді. Бұдан өзге Шымкент (416), Атырау (299), БҚО (234), Ақтөбе (204), Маңғыстау (189), Ақмола (160), Павлодар (156) облыстарында дерт үдеп тұр. Өткен тәулікте 2756 адам айығып шығып, үйіне жіберілген. Осы сейсенбіде жиыны 47 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы 13 шілдеде ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 127 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, сырқаттар Атырау облысы (19), астана (19), Жамбыл (15), Ақмола (12), Маңғыстау (11), Алматы (10) облыстарында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 82 адам айығып шыққан, тағы 10 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 47 828 науқастың 15 мыңнан астамы ауруханада, 32,5 мыңы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 919 науқастың жағдайы нашар, ондағы 212 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 126 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Өткен күнгі дерек бойынша, вирустың таралу қатері жағынан еліміздегі «қызыл аймақ» аумағы толығып, 13 өңірге жетті. Олар: астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Атырау, Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда, СҚО, Павлодар облыстары. Ал Алматы және Жамбыл өңірлері «сары аймақта» тұр. Қазақстан тұстас қызыл реңге боялды.
ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған. Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 472 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 58 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 530 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 10 697 адам (КВИ+ / U07.1 – 4816, КВИ- / U07.2 – 3514, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 44-орында тұр.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 2 млн 597 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған.