Шымкент қалалық мәдениет үйін басқаратын әнші Сәкен Майғазиев өзі жайлы видео түсірген азаматтық белсенді Аружан Дүйсебаеваны сотқа берді. Бұл туралы 13 шілде күні кешке қарай тіркелмеген "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамай өзінің Fасebook парағында жазды.

Sud.kz ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, Майғазиев Дүйсебаеваның үстінен 30 маусымда шағым түсірген. Шымкент қаласының Қаратау аудандық соты әншінің шағымын 8 шілдеде негізді деп тауып, өндіріске алған. Судья М.Әмірбеков шығарған қаулыға қарағанда, әнші белсендінің үстінен Қылмыстық кодекстің 131-бабы ("Қорлау") бойынша шағым түсірген. Демек Майғазиев Дүйсебаеваны "көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып абыройым мен қадiр-қасиетiмді әдепсiз түрде кемсiтті" деп айыптап отыр.

Әншінің белсендінің үстіне шығам түсіруіне не себеп?

Бірнеше ай бұрын "Демпартияның" Youtube видео желісіндегі ресми арнасында Сәкен Майғазиев Шымкентте қанша ақша тонады?, Сәкен Майғазиев пен Шымкент шенеуніктері бюджетті қалай тонап жатыр? деген екі видео жарияланған. Аталған екі видеода Аружан Дүйсебаева Сәкен Майғазиев басқаратын мекеменің Шымкеттегі Наурыз тойына жарты млрд теңгеден астам қаржы бөлгенін сынап, әншіні "жемқор" деп атаған. Дүйсебаева екі видеода да журналистер мен мемлекеттік сатып алу саласын зерттеуші мамандар келтірген деректерді негізге алған.

"Демпартия" белсендісі Аружан Дүйсебаева билікке қарсы нарзылық шарасында сөйлеп тұр. Алматы қаласы. 6 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Дүйсебаеваның The Qazaq Times тілшісіне айтуына қарағанда, оған өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны жайлы хабарлама 10 шілдеде жеке номеріне келген, алайда хабарламада істің мән-жайы нақты баяндалмаған.

– Сот хабарламасын алған соң көрсетілген нөмірге хабарластым, бірақ сөйлесе алмадым. Маған келген хабарламада үстімнен 191-бап бойынша іс қозғалғаны жайлы айтылған еді. Бүгін соттан хабарласты. Сәкен Майғазиев Қылмыстық кодекстің 131-бабы бойынша шығымданыпты. 15 шілде күні сотқа келуім қажет екенін айтты. Майғазиев жайлы бірнеше ай бұрын екі видео дайындағанбыз. Екеуінде де журналистердің ол басқаратын мекеме Наурыз тойлауға жарты млрд теңгеден астам қаржы жұмсады деген дерегін негізге алдым. Майғазиевтың жеке басын қорлайтындай ештеме айтқан жоқпын, – дейді Дүйсебаева.

Ал Жанболат Мамайдың пайымдауынша, Сәкен Майғазиевтің басқа емес, дәл Аружан Дүйсебаеваны сотқа беруінде саяси астар бар.

"Біздің пайымдауымызша, Майғазиев наурыз айында болған дау-дамайға қатысты сотқа арызданып отыр. Ол кезде журналистер Шымкент әкімдігінің Наурыз тойлауға жүздеген миллион теңге бөлгенін жазды. Арасында Майғазиевтің де фамилиясы аталды. Бұл туралы Аружан Дүйсебаева да айтқан болатын. Бірақ ондай жағдайда Майғазиев неге басқа журналистерді сотқа бермей, дәл Аружанға қарсы арыз жазды? Демек мұның астарында саяси себеп жатуы мүмкін. Шындықты айтып, митингтерге шығып жүрген қазақтың қызын қудалау үшін" деп жазды Ж.Мамай Facebook парағындағы жазбасында.

Шымкенттегі Наурыз тойының жай-жапсары

Үш жарым ай бұрын мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми деректерді негізге алған журналистер мен белсенділер әнші Сәкен Майғазиев басқаратын Шымкент қалалық мәдениет үйінің Наурызға арналған іс-шараларға 595 млн теңге қаржы бөлгенін анықтаған. Сол кезде бұл оқиға қоғамда үлкен шу тудырған еді.

Журналистер зерттеуінде Шымкент қалалық мәдениет үйінің Наурызға орай жасасқан келісімшарттарда техникалық ерекшеліектерді дұрыс толтырмағаны айтылған. Бұған қоса, осы мәселені көтерген белсенділер іс-шараларға бөлінген қаржы тым көп екендігіне және тендерді тәжірибесі жоқ компаниялардың ұтқанына баса назар аударған.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен Шымкент қалалық мәдениет үйінің директоры Сәкен Майғазиев

Мәселе қоғамда қызу талқыланып жатқанда Сәкен Майғазиев те, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан да журналистер келтірген деректі жоққа шығарды. Олар "Наурызға тек 213  млн теңге бөлінгенін, журналистер келтірген 595 млн теңге жыл бойы өтетін іс-шараларға қарастырылғанын" уәж етті. Бірақ олардың бұл мәліметі мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми дерекке қайшы болды. Өйткені Майғазиев басқаратын мәдениет үйі түрлі компаниялармен жасасқан 7 келісімшартта да іс-шаралардың Наурыз мерекесіне орай екені анық жазылған.

24 маусымда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Қазақтаймс" тілшісінің сұрағына жауап берген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов те 595 млн теңге тек Наурыз тойлауға емес, жыл бойы өтетін іс-шараларға да қарастырылғанын айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік сатып алу порталындағы 595 млн теңгеге жасалған келісімшарттың бәрінде Наурыз мерекесі деп жазылып тұруына "мекеме қызметкерінің қателігі себеп" болған.

Әйтеновтың "Наурызға 213 млн теңге бөлінді, 595 млн теңге жыл бойы өтетін іс-шаралар үшін қарастырылған" дегені мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми дерекке қайшы. Өйткені Шымкент қалалық мәдениет үйінің жыл басталғалы мерекелік іс-шаралар үшін жасасқан келісімшарттарының жалпы құны қазірдің өзінде 680 млн теңгеден асып кетті. Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке қарғанда, Шымкент әкімдігі мерекелік іс-шараларға 2021 жылы 800 млн теңгеден астам қаражат жұмсауды жоспарлап отыр.

"The Qazaq Times"