Шымкенттегі Наурыз тойының даулы бюджетіне қатысты сұраққа қала әкімі Мұрат Әйтенов жауап берді. Үш ай бұрын мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми деректерді негізге алған журналистер мен белсенділер әнші Сәкен Майғазиев басқаратын Шымкент қалалық мәдениет үйінің Наурызға арналған іс-шараларға 595 млн теңге қаржы бөлгенін анықтаған. Сол кезде бұл оқиға қоғамда үлкен шу тудырған еді.
Әйтеновтың айтуына қарағанда, журналистер Наурызға бөлінді деген 595 млн теңге "жыл бойы өтетін өзге де іс-шараларға қарастырылған".
"Қателік тиісті қызметкерлерден. Жыл бойына деп бөлінген қаржатты порталға тек қана Наруызға деп енгізген. Соның салдарынан осындай жағдай болды. Бұл адамның қателігі болғандықтан, ол тиісті жазасын алады" деді Әйтенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Qazaq Times тілшісінің сұрағына берген жауабында.
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтың Наурыз тойының бюджетіне қатысты сұрақтарға берген толық жауабы
Әйтеновтың "Наурызға 213 млн теңге бөлінді, 595 млн теңге жыл бойы өтетін іс-шаралар үшін қарастырылған" дегені мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми дерекке қайшы. Өйткені Шымкент қалалық мәдениет үйінің жыл басталғалы мерекелік іс-шаралар үшін жасасқан келісімшарттарының жалпы құны қазірдің өзінде 680 млн теңгеден асып кетті. Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке қарғанда, Шымкент әкімдігі мерекелік іс-шараларға 2021 жылы 800 млн теңгеден астам қаражат жұмсауды жоспарлап отыр.
Шымкентте Науырзға орай өткен іс-шараның бірі - "МузАрт" тобының концерті. Бұл концертке қаржы бөлген қалалық мәдениет үйін аталған топтың әншісі Сәкен Майғазиев басқарады. Осы мәселге қатысты тілші "Майғазиевтің өзі ән айтатын топтың концерті үшін өз басқаратын мемлекеттік мекеме бюджетінен қаржы бөлгені қаншалықты заңды?" деген сұрағына Әйтенов мардымды жауап бере алмады. Ол Майғазиевтің өз тобының концерті үшін қаржы бөлгені "заң талаптарын бұзған жоқ" дегенге саятын пікір айтты.