Ауғанстанның Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстан секілді Орта Азия елдерімен арадағы шекара бекеттерін «Талибан» ұйымының бақылауына өтіп жатыр. Жақында Мәскеудегі келіссөз кезінде мәлімдеме жасаған тәліптер елдің 85 пайыз аумағын өз бақылауында ұстап тұрғанын айтты. Бұл мәлімет шындыққа жанаспаса да кейбір елдердің ақпарат құралдары соны басшылыққа алып сөйлей бастады. Онсыз да Орта Азия елдері үшін аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселесінде Ауғанстан басты тақырыпқа шыққан. Мына соңғы жағдайлардан кейін Ауғанстан тақырыбы күнделікті өзекті тақырыптардың бірі болатыны айқындала түсті.
Ауғанстанның бізбен тікелей шекараласпайтыны, Тәжікстандағыдай шекарамызды күнде тәліптер мен олардан бас сауғалап қашқан ауған қауіпсіздік күштері бұзып жатпағаны рас. Бұл Ауғанстаннан бізге төнетін қауіп жоқ дегенді білдірмейді. Мәселе аймақтың қауіпсіздік пен тұрақтылықта болып отыр. Шетелдік күштер елден кетісімен Ауғанстанда тәліптер мен үкімет арасында азаматтық соғыстың болу ықтималдығы күн өткен сайын жоғарлап келеді. Бұл ішкі қақтығыста қай тараптың басым түсуі қазіргі таңда маңызды болмай қалды. Неге десеңіз, қай тарап басымдыққа ие болса да қақтығыстар ұзақ уақытқа созыла түсуі мүмкін. Бұл онсыз да аумалы-төкпелі Ауғанстандағы тұрақсыздықты тереңдетіп, елде түрлі экстремистік, террорлық топтардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсуіне мүмкіндік жаратпақ. Бізге төнетін Ауғанстан қауіпін осы тұрғыда бағалауға да болады.
Абүйір үшін асырып қанымыз емес, сайтымызда осыдан бірер жыл бұрын Ауғанстанда жаңа қауіптің оты маздап жатқанын, осы маздақ бір күні жалынға айналуы бек мүмкін екенін, сол жалынды сыртқы күштер Орта Азияға қарай үрлейтін болса, Қазақстанды қамтыған аймақтың қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселесінде жаңа сын-қатерлерге тап болатынын болжап айтқан едік. Әрине, бұл болжамдар қандай да бір сәуегейлікпен емес, сол кездегі бізге көршілес елдер мен аймақтардағы оқиғалардың даму бағытына, ірі держвалардың іс-қимылдарына, Ирак пен Сүрия жеріндегі соғыстан кейін террорлық топтардың жаңа бағыттағы қимыл-қозғалысына жасалған ақпараттық талдау мен сарапшылардың пікірлеріне сүйене отырып жасалған-ды (сайтымыздың іздеу бөлімінен Ауғанстан, Орталық Азия, ДАИШ немесе «Ислам мемлекеті» деген тақырыптар арқылы бұған қатысты материалдарды көре аласыз).
Қытай мен Ресейдің тәліптермен диалогы кеше ғана басталған жоқ. Ауғанстанда АҚШ ықпалы жүріп тұрған кездің өзінде Бейжің «Талибанмен» келіссөздер бастап үлгірген. Әрине, АҚШ ықпалының аясындағы ауған жерінде Қытай өз саясатын бұған дейін алға ілгерлете алған жоқ. Ресей де тәліптермен қатынасты сақтап келді, тіпті АҚШ әскерлерін өлтіру үшін тәліптерге ақша төлеп келгені туралы мәліметтер де бар. Өз кезегінде және өз деңгейінде Қазақстан да, Өзбекстан да тәжік пен түркімен де «Талибанмен» белгілі деңгейде диалог орнатуға тырысты. Қазақстан кейбір гуманитарлық, құқықтық және білім беру салаларында Ауғанстанмен қарым-қатынасты бұған дейін де өз деңгейінде дамытып келген. Бірақ, Ресей, Қытай, АҚШ секілді державалардың «Талибан» немесе өзге де террорлық топтармен диалог орнатудағы тәжірибесі Орта Азия елдерінің алдын орап кететіні қазіргі оқиғалардан-ақ көрініп тұр.
Бұдан бірнеше жыл бұрын өздігінен әлде сыртқы күштер жағынан болсын Ауғанстанда жаңа қатердің шоғы қыздырылып жатқаны белгілі болғанымен, одан шыққан жалынды қай бағытта «үрлейтіні» анық болмаған еді. Қытайдың батысындағы Шыжаңға қарай ма, әлде Орта Азияға қарай ма? Бүгінгі қалыптан қарасақ бұл сұрақтың жауабы анық болғандай. Тәліптердің Орта Азия елдерімен шекара бекеттерін бақылауына алуы және барған сайын елдің солтүстік шекара аумақтарында белсенді бола түсуі бізге келетін қауіпті көбірек аңғартқандай.
Бұның бәрі нені түсіндіреді? Бір сөзбен айтқанда, «Талибан» аймақтық қауіпсіздікте маңызды күшке айналды. 2014 жылдары Сүрия мен Ирак жерінде халифат жариялаған «Ислам мемлекеті» де қазір Ауғанстанда күш сақтап тұрғанын ескеруге тура келеді. Бұдан екі жыл бұрынғы мәліметтерде ауған жерінде 10 мыңнан астам ДАИШ содырларының топталғаны айтылған. Тіпті, олар Ауғанстанда тәліптермен территориялық таласқа түскені де бар. Кейіннен екеуі келісімге келіп, өзара тартыс тоқтап қалды. Ендігі жерде аймақ елдері тәліптерді ресми билік ретінде танымаса да, белгілі деңгейде санаса отырып, өз мүддесін қорғау бағытында келіссөздер жүргізуі орынды.