Қазақстанда індет әлі де өршіп тұр. 12 шілдеде елде 3693 адамның коронавирус тесті оң шықты. Ал 11 шілдеде 19 адамның пневмонияға шалдыққаны анықталды. Бұл ақпаратты денсаулық сақтауі министрлігі хабарлады.
Ведомство дерегінше, өткен тәулікте астанада 978 адамнан коронавирус табылған. Бұл республика бойынша бір күнде тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Бұған қоса, індет басталғалы бері астанада бір күнде осынша көп науқас анықталмаған. Алматыда – 535, Қарағанды облысында – 596, Атырау облысында – 334, Шымкентте – 169, Батыс Қазақстан облысында – 142, Ақмола облысында – 140, Маңғыстау облысында – 141, Павлодар облысында 134 науқас тіркелді. Қалған облыстарда анықталған науқастар жүзге жетпейді.
Сейсенбі күні Солтүстік Қазақстан облысы коронавирус тарауы бойынша "қызыл аймаққа" енді. Қазір барлығын есептегенде "қызыл аймақта" үш ірі қала мен 9 облыс тұр: Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Павлодар, Атырау, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары. Алгоритмге сәйкес, "қызыл аймақтарда" карантин күшейеді. "Сары аймақта" Алматы облысы, Жамбыл мен Қызылорда облыстары қалған. Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстары "жасыл аймақта".
Соңғы ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 2020 жылдың наурыз айынан бері 462 417 адамға коронавирус жұқты. Олардың 4716-сы қайтыс болған.
Үкімет былтыр тамыздан бері ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін жүргізіп келеді. 11 шілдеге дейін 57 919 адам пневмонияның осы түріне шалдыққан, 3498-і қайтыс болған.
Елде 11 шілдеде коронавирус пен онығ пневмониясынан 41 адам қайтыс болған.
Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салына бастады. Содан бері 4 млн 486 мың адам вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 2 млн 490 мың адам вакцинаның екі дозасын алған.