Франция Сенаты 18-59 жас аралығындағы азаматтардың вакцина алуын міндеттеуді ұсынды.

Пастер институты мен Ұлттық зерттеулер институтының ғалымдары да пандемияның алдын алу үшін тұрғындар жаппай екпе алуы тиіс дейді. Аталған зерттеу орталықтарының болжамына сәйкес, халықтың жартысынан көбі екпе салдырса да, күзде Францияда індеттің төртінші толқыны басталуы мүмкін. Ал денсаулық сақтау жүйесіне түскен ауыртпашылық былтырғыдай болмақ.

Осы тақырыпта өткен жиында сенатор Бернар Жомье: «Медицина қызметкерлеріне вакциналауды міндеттеу мәселесін тез арада шешу керек. Бұл аса қиындықты туғызбайды. Оған қоса 18 бен 59 жас аралығындағы азаматтарымызға да екпе салуды міндеттеу мәселесін көтеру керек. Өйткені қолымыздағы деректер бойынша, вирусты ең көп тарататын осы топ. Ал олардың арасында вакцина алғандар аз», – деді.

Сенаторлар Үкіметке шілденің аяғына дейін медицина қызметкерлерін, ал осыдан кейін бүкіл ересек азаматтарын вакциналауға міндеттеу мәселесін шешуді ұсынды. Осы бастамаға Францияның Жоғары ғылыми Кеңесі жауап беруі тиіс. Сондай-ақ, жаңа оқу жылында апта сайын оқушыларды коронавирусқа тестілеу нұсқауы берілді. Елде ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін тез арада кем дегенде 10 млн адамды вакциналау қажет.

"The Qazaq Times"