Сәрсенбі таңнан бастап Жаңаөзендегі «КЕЗБИ» мұнай компаниясының ереуілге шыққан жүздеген жұмыскері шілденің 1-іне қараған түні «Ұжымдық талап арыз орындалсын» деген уәжбен еңбек базасында түнеп шықты.
«Кілем-төсеніштер төсеніп жатқан жұмысшылардың талабын ешкім құлаққа асар емес. 2,5 жылдан бері талабымыз орындалмағандықтан бейбіт ереуілге тұрдық. Келісім комиссиясынан оң нәтиже болмағандықтан наразылық жалғасып жатыр. Ел президенті мен Үкімет басшысынан осы мәселе бойынша оң шешім шығаруды сұраймыз», – деп оқыды қалың топтың атынан жұмысшының бірі.
Олар еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны өзге компаниялармен теңестіруді, тарифтік есепті қайта қарауды, құрал-саймандар мен құрылғыларды стандартқа сай жаңалауды, мереке күндері мен ауыр-зиян жұмысқа лайықты өтемақы ретінде он үшінші жалақы төлеуді талап етіеп отыр.
«Сәрсенбі күні компания 150-180 шақты қызметкері жұмысын тоқтатып, талабын білдірді. Оқиға орнына Жаңаөзен әкімі Мақсат Ибрагим, еңбек инсепторы, прокуратура мен полиция қызметкерлері барды. «КЕЗБИ» ЖШС жұмысшыларының талабын қарайтын ортақ комиссия құрылады. Барлық мәселе заң аясында қаралатын болады», – Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов ақпарат құралдарына берген пікірінде.
Бірақ Азаттық радиосының хабарлауынша, наразылық жиынына әкімдік өкілі айтқандай 150-180 емес, 600 адам қатысқан. Жалақыны өсіріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жұмысшылар 21 маусымда әкімдік пен құзырлы органдарға ереуілге шығуға мәжбүр екенін ескерткенін айтады. Наразылардың басты уәжінің бірі – 2019 жылы құрылған тәуелсіз кәсіподақ ұйымына («Ынтымақ» құрамына енген) жұмыс беруші тараптан кедергі көбейген. Осы себепті бірнеше рет бас көтерген, әзірге нәтижесі дейді.
Талабы орындалмай қайтпаймыз деген жұмысшылар бірнеше жылдан бері шешімін таппай «созылмалы» сипат алған мәселеге нүсте қояр кез келді деп есептейді.
30 жылдай бұрын құрылған «КЕЗБИ» Маңғыстау облысындағы мұнай компанияларының ұңғымаларын жөндеу бағытында қызмет көрсетеді. Ол «ӨзенМұнайГаз» өндіруші компаниясының ірі мердігері болып табылады. Мұнда 27 бригада жұмыс істейді. Компанияда 1200-ге жуық адам жұмыс істейді.
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, былтыр Қазақстанда 85,7 млн тонна мұнай мен конденсат өндірілген, оны басым бөлігі сыртқа экспортталған. Жылына ондаған миллион тонна мұнай өндіретін өңірдің жұмысшылары еңбек жағдайының нашарлығы мен жалақының әділетсіздігіне жиі шағынады. Аптап ыстықтың астында күні-түні қара мұнай бұрғылайтын жұмысшыларға әлеуметтік қолдау аз, көбі түрлі ауыр сырқаттарға шалдығып жатады.