Жаңаөзен оқиғасы кезінде полиция тепкісінен қаза болған Базарбай Кенжебаевтың ұлы Ғалымжан Кенжебаев көз жұмды. Бұл ақпартты бүгін, 1 шілдеде "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамай Facebook парағында хабарлады.
Мамайдың жазуына қарағанда, 34 жастағы Ғалымжан Кенжебаев ауруханадан полиция алып кеткен соң қайтыс болған.
"Бізге хабарлағандай, өткен аптада Жаңаөзенде 34 жастағы Ғалымжанды белгісіз адамдар соққыға жыққан. Ол ауруханаға жеткізіліп, операция жасалған. Дәрігерлер Ғалымжанның отбасы мен таныстарына оның ауруханаға түскенін, оған ота жасалғанын айтпаған. Ғалымжанның басы отадан әлі жазылмаған жексенбі күні полиция куәлік беру үшін учаскеге алып барған. Ал полиция бөлімшесіне жеткізілген Ғалымжан Кенжебаев біраз уақыттан кейін қайтыс болған" деп жазды Жанболат Мамай.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл оқиға жайлы ресми ақпаратты кейін хабарлайтынын айтты.
Ғалымжан Кенжебаевтың әкесі - Жаңаөзен оқиғасы кезінде қайтыс болған Базарбай Кенжебаев. Ол 2011 жылдың 16 желтоқсанында Жаңаөзенге кездейсоқ барған. Сол күні ол алаңдағы мұнайшылармен бірге ұсталып, тергеу абақтысында бір күн бойы аяусыз соққыға жығылған. Желтоқсанның 17-сінде абақтыдан босған. Ал желтоқсанның 21-і күні ол ауыр соққыдан алған жарақатынан қайтыс болған.
«Базарбай Кенжебаев тергеу абақтысында алған ауыр жарақаттан қайтыс болды» деген жұртқа белгілі жайтты билік әуелі терістеді. Бірақ кейін тергеу абақтысының бастығы Базарбай Кенжебаевқа тиісті медициналық көмек көрсету үшін әрекет етпеді деп қана мойындады. Ақыры полицияның жас офицері, лейтенант Жеңісбек Теміров бес жылға сотталды, бірақ ол 2014 жылдың көктемінде мерзімінен бұрын шартты жазамен босап шықты.