Коронавирусқа қарсы Turkovac екпесі сынақтың екі кезеңінен сәтті өтті. Препараттар қазір клиникалық сынақтың үшінші фазасында.

Екпені Түркиядағы Эржиэс университеті мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп жасаған. Сынаққа 40 мыңнан астам ерікті қатысуы керек болған. Аз уақыт ішінде аталған вакцина сынағына қатысу үшін 850 мыңға жуық еріктіден өтініш түскен.

Ел президенті Режеп Тайып Ердоған жергілікті басылымдарға сұхбатында: «Елімізді эпидемия құрсауынан тезірек құтқару үшін және халқымыздың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін отандық вакцинаның болуы өте маңызды. Клиникалық сынақ үшінші фазаға өтті. Демек, жақын арада жергілікті препарат қолданысқа енеді. Сынақ жұмыстары дер кезінде аяқталып, отандық вакцинаға қол жететін кез жақын деп үміттенемін. Азаматтарды екпе салдыру арқылы әлеуметтік жауапкершілікке шақырамын», – деді.

Егер түрік екпесі сынақтың соңғы фазасынан сәтті өтсе, күзде қолданысқа берілмек.

"The Qazaq Times"