Бүгін, 23 маусымда Алматыда бір топ қоғам белсендісі баспасөз мәслихатын өткізіп, "Халық сенімі" ("Народное доверие") азаматтық қозғалысын құратынын мәлімдеді. Бұл ақпаратты Азаттық радиосы хабарлады.

Азаттықтың жазуынша, қозғалыс мүшелері арасында бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев, Жалпыұлттық-социал демократиялық партиясының мүшесі, экономист Айдар Әлібаев, қоғам белсенділері Ғабиден Жәкей, Марат Уатхан, желтоқсаншы, жазушы Талғат Айтбайұлы, ауған соғысы ардагерлерінің басшысы Байдәулет Дәркембай, ақын Болат Шарахымбай бар. Қазбек Бейсебаев пен Ғабиден Жәкей қозғалыстың тең төрағасы ретінде таныстырылған.

Бастамашылар "Қазақстанда биліктің халыққа есеп бермейтін құйтырқы жүйесі қалыптасты. Мемлекет халық үніне құлақ аспайды. Реформалар қағаз жүзінде ғана. Әртүрлі күмәнді бағдарламалар мен жобаларға бюджеттен мол қаражат бөліп жатыр. Билік "демократия жолымен жүйелі дамып келе жатыр" деп алдарқатып отыр" деп санайды.

Қозғалыс бағдарламасын оқыған Қазбек Бейсебаев "Халық сенімі" қозғалысының Қазақстанда тыйым салынған саяси экстремистік ұйымдармен және қандай да бір оппозициялық ұйымдармен байланысы жоқтығын мәлімдеді.

- Сырттан біреу келіп, еліміздің жағдайын жасап береді деп үміттенуге, қол қусырып отыруға болмайды. Халықтан шыққан шынайы саяси ұйым болса қолдар едік дегенді әлеуметтік желіден жиі көреміз. Біздің қозғалыс нағыз халықтық қозғалыс болады,- деді Қазбек Бейсебаев.

Ғабиден Жәкейдің сөзінше, қозғалысқа кіремін деушілерге шектеу жоқ.

Олардың сөзінше, "Халық сенімі" қозғалысы саясатқа белсенді араласып, болашақта партияға айналатын болады.

Бастамашылар қозғалыс "краудфандинг" әдісімен халықтан, жеке бизнестен жиналған қаржымен жұмыс істейтінін айтқан.

"The Qazaq Times"