Тамыздың 30-ы ҚР Конституциясы күні Алматы қаласында Oyan, Qazaqstan азаматтық қозғалысы белсенділерінің қатысуымен шеру маршы өтті.
Сағат 17:10-дар шамасында басталған шеруге қатысушы 30 шақты белсенді Конституцияны реформалауды талап етіп, өздерінің конституциялық деңгейде кепілдендірілген құқықтары мен бостандықтарын билік есіне салатынын айтты. «Парламенттік республика», «Ренконституция» деген жазуы бар көлемді баннерлерді қолына ұстаған марш қатысушылары жол бойы «Оян, Қазақстан», «Конституция реформасы үшін», «Менің таңдауым бар», «Саяси тұтқындарға бостандық», «Авторитаризмге қарсымыз» лозунгтарын ұрандап жүріп өтті.
Жібек жолы көшесінде орналасқан Арбаттан басталып Абай атындағы опера және балет театрына дейін жалғасты. Астана алаңының (бұрынғы ҚБТУ) алдына келіп, біраз аялдаған топ белсендісі Әсем Жапишева «Біз авторитарлық режимнің негізін қалаған конституцияны өзгертетін уақыт келді. Біз мұндай мемлекет құрғымыз келмейді, конституциялық реформалауға арналған ұсыныстарымызды өз платформамызда жарияладық» деп мәлімдеді.
– Қазақстанның президенттік басқару жүйесінен бас тартатын кезі келді. Еліміз парламенттік республика болуы керек. Қоғам демократияға зәру. Еліміз демократияға дайын емес сияқты тіркестердің мәні жоқ. Өзгеріс жасайтын кез келді. Біз үлгі ететін елдерде өз пікірін танытатын шерулерді билікке ескертсе, өкінішке орай бізде рұқсат сұрайды, – деді азаматтық қоғам белсенділерінің бірі Димаш Альжанов марш барысында.
Мерекелік күн ретінде демалыс уақытына арнайы жоспарланған шараның талап-шарттары туралы қозғалыс өкілдері осы уақытқа дейін әлеуметтік желі арқылы хабарлаған еді. Онда «Біздің бейбіт Марштың мақсаты – Oyan, Qazaqstan мәлімдемесінде көрсетілген конституцияны реформалауды талап ету. Бұл сонымен бірге туған көшелер бізге – халыққа тиесілі екенін, Конституциямен кепілдендірілген құқықтар мен бостандықтарымыз туралы биліктің есіне түсіру», – деп көрсетілген. Азаматтық қозғалыс өкілдерінің айтуынша, аталмыш шараның өтетіні туралы хабарланғаннан кейін бірқатар белсенділерді «полиция, әкімдік қызметкерлері қорқытып және арнайы қызмет өкілдері аңдуға түскен». Осыған дейін екі ай ілгері ел президенті Қ.Тоқаев Euronews-ке берген сұхбатында Oyan, Qazaqstan жақтастары мен белсенділерінің өте креативті екенін сөз етіп, жастарды мемлекетті басқару ісіне тартатының айтқанын еске алып, соған қарамастан қудалау ісінің жүріп жатқанын «Президент (Тоқаев) мырза, бұл сіздің жастардың креативтілігіне жауабыңыз ба?» деп сынады.
Конституция күні Алматы, Шымкент қалалары мен ел астанасында осы сипаттағы Атазаңды түпкілікті реформалауға қатысты бірнеше қарсылық шаралары өтті. Алматы қаласында өткен қозғалыс маршында құқық қорғау органдары тарапынан оқыс ұстау-қамау әрекеттері болған жоқ. Азаматтық киім үлгісіндегі белгісіз адамдар бейнекамераға түсіріп, топппен еріп жүрді.