Еуропалық одақ Қырым аннексиясына байланысты Ресейге енгізілген санкция мерзімін бір жылға ұзартты. Бұл жөнінде Брюссельде өткен ЕО Кеңесінде мәлім болды.
Санкциялар Еуропа кәсіпкерлерінің Қырым кәсіпорындарымен экономикалық байланыс орнатуына тыйым салады. Сонымен қатар Еуропалық авиакомпаниялардың Қырымға ұшуына және кемелердің Қырым порттарына кіруіне шектеу қойылды.
Санкциялардың бұл бөлімі Еуропалық одақтың Ресейге қарсы 2014 жылы енгізген үш шектеуініі бірі саналады. Оған қоса, ЕО Украинадағы жағдайды тұрақсыздандырды деп санайтын Ресейдің жеке және заңды тұлғалары да қара тізімге енгізілген. Ол жыл сайын – наурыз және қыркүйекте 6 айға жаңартылады.
Ал үшінші пакет – қорғаныс және мұнай саласындағы бірқатар ресейлік мемлекеттік компанияларға, сондай-ақ бес жетекші ресейлік банкке қарсы салалық экономикалық санкциялар. Олар жылына екі рет – қаңтар мен шілдеде ұзартылады.