«Иә, Украинада олигархтар бар және олар саясатқа ықпал етті. Енді олар мемлекеттің дамуына нұқсан келтіре алмайды». Бұл – Украина президенті Владимир Зеленскийдің сөзі. Осыдан бірнеше күн бұрын ол Жоғарғы Радаға олигархтар туралы заң жобасын ұсынды. Егер құжат іс жүзінде нәтиже көрсетсе, Украинадағы кландық-олигархиялық жүйеге нүкте қойылады.

Дегенмен құжат Зеленскийдің саяси қарсыластары мен олигархтар тарапынан қатты сынға ұшырады. Олар жас президенттің саясаттағы беталысына күмән келтіре бастады.

Кучмадан Зеленскийге дейін

Украинада «олигархтар дәуірі» Леонид Кучманың президенттік кезеңінде, жекешелендіру кәсіпкерлердің шектеулі тобына өткен кезде пайда болды. Олардың әрқайсысының өз тарихы бар: Ринат Ахметов Донецк жұмысшыларынан шыққан, Павел Лазаренко КСРО ыдырағанға дейін Днепропетровск КОКП комитетінде ауыл шаруашылығын басқарған, ал инженер-металлург Виктор Пинчук Леонид Кучманың күйеу баласы еді.

Кучма кезінде олигархтар депутат болды немесе Жоғарғы Раданың барлық фракцияларына үстемдік ете алды. Мұндағы сценарий де бегілі: кландық жүйені қалыптастырған олигархтар өз адамдарын Үкіметке ұсынды немесе оларға ірі шешімдер қабылдауға қолдау көрсетті.

Кучма кеткеннен кейін олигархтардың басым бөлігі саясатқа келді. Олар бір уақытта билік партияларын да, оппозициялық партияларды да қолдай алды.

Владимир Зеленский және Леонид Кучма. Фото: АР

2014 жылдың көктемінде, Украинаның шығысындағы қақтығыс басталғанда қос олигарх – Игорь Коломойский мен Сергей Тарутты Днепропетровск және Донецк облыстарының стратегиялық губернаторлары етіп тағайындады.

Янукович қашып кеткеннен кейін олигархтардың саясаттағы үстемдігі тіптен артты. Қазір де олар Украинадағы ықпалын сақтап отыр.

Әлеуметтік сауалнама нәтижесінде украиндықтардың 92%-ы олигархтар украин қоғамына үлкен әсер етеді дейді. Ал ел экономикасындағы олигархтардың үстемдігін Украинаның дамуына кедергі келтіретін негізгі проблемалардың бірі деп санайды.

Президенттік ант қабылдағаннан кейін екі жыл өткен соң Зеленский олигархтарға қарсы алғашқы қадамын жасады.

Олигархтар туралы заң

Зеленскийдің өзі олигархтар туралы заң жобасы «қоғамдық өмірде саяси салмағы бар адамдардың шамадан тыс ықпалынан ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлердің алдын алу туралы» құжат дейді.

Осы құжатқа сәйкес, олигарх мәртебесін алу үшін белгілі бір тұлға осы төрт критерийдің үшеуіне сәйкес келуі керек:

  • саяси өмірге қатысады (бұған мемлекеттің барлық саяси элитасы кіреді – Рада депутаттарынан президентке дейін, губернаторлардан Үкімет мүшелеріне дейін, сондай-ақ саяси партиялардың қызметін немесе саяси талаптары бар акцияларды қаржыландыратын адамдар);
  • БАҚ-қа айтарлықтай әсер етеді (баспа және интернет-БАҚ, ақпараттық агенттіктер, радиостанциялар мен телеарналардың иелері);
  • табиғи монополияның субъектісі немесе ұлттық тауар нарығында монополиялық жағдайға ие компанияның иесі болуы тиіс;
  • ол шамамен 83 миллион доллар болатын расталған активтерге ие.

«Олигархиялық» өлшемдерге сәйкес келетін адамдар арнайы тізімге енгізіледі. Бұған Ұлттық қауіпсіздік және Қорғаныс Кеңесі жауап береді.

Оларға ірі жекешелендіруге қатысуға, сондай-ақ саяси партияларды тікелей немесе жанама қаржыландыруға тыйым салынады.

"The Qazaq Times"