Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос 20 шілдеде өзінің бауырымен бірге ғарышқа сапар шегеді. Олар ғарышқа өздеріне тиесілі Blue Origin компаниясының New Shepard кемесімен аттанбақ.

Сапарға арнайы ұйымдастырылған онлайн-аукционның жеңімпазы да барады. Жолаушыларға арналған жалғыз жолдаманың тағдыры 12 маусымда онлайн сауда-саттық кезінде анықталады.

Джефф Безостың Blue Origin аэроғарыш компаниясы New Shepard кемесінің экипажбен алғашқы суборбиталық ұшуына орын алуға өтінімдерді 2020 жылдың 20 шілдесінен бастап ұсынған. Бастапқыда компания жоспары бойынша бәссауда жабық режимде өткен. Оған 136 елден 5200 үміткер қатысты.

Жоспар бойынша, ғарыш туристері жерден 100 шақырым биіктікке көтеріліп, суборбиталық кеңістікке енеді. Содан кейін олар ғарышта қалықтап жүріп, салмақсыздық жағдайында планетаны үстінен бірнеше минут тамашалап, жерге үш парашютке байланған арнайы капсуламен оралады. Капсуланың алты терезесі «Боинг-747» ұшағының әйнектерінен әлдеқайда үлкен.

Астрономдардың айтуынша, бұл қашықтықта аспан қара, ал жердің дөңес беті өте анық көрінеді. Дегенмен туристер 400 шақырым биіктікте орналасқан халықаралық ғарыш станциясына жете алмайды. Өткен онжылдықта бұл станцияға барып-қайту үшін туристер ондаған млн доллар төлеген болатын.

"The Qazaq Times"