Ashyq қосымшасы арқылы оқшаулау режимін бұзғандар анықталып, жауапқа тартылады. Бұл туралы 7 маусымда санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жөніндегі комитет хабарлады.
"Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, Ashyq ақпараттық платформасының көмегімен оқшаулау режимін бұзғандар анықталады. Жүйедегі дерек "қызыл статусы" бар адамдардың қоғамдық нысандарға барғанына дәлел болып саналады. Яғни, карантиндегі науқастың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамауы Әкімшілік кодекстің 802-бабына сәйкес іс қозғалып, әкімшілік жауапқа тартылуына түрткі болады" делінген комитет хабарламасында.
Егер азамат өзінің статусының "қызыл" екенін біле тұра қоршаған ортаға қауіп төндірсе, оған шамамен 87 мың теңге көлемінде (30 айлық есепткі көрсеткіш, 205 доллар) айыппұл салынады.
Ереже 10 маусымда күшіне енеді. Платформадағы деректер цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде тіркеледі. Комитет бұл шаралар халықты індеттен қорғауға көмектеседі деп санайды.