Саяси дағдарыс орын алған Израильде оңшыл «Ямина» партиясының басшысы, бұрынғы Қорғаныс министрі Нафтали Беннет пен «Еш-Атид» жетекшісі Яир Лапид коалициялық үкімет құрмақ. Қос саясаткердің жоспары нәтижелі болса, Израильде соңғы 12 жылда алғаш рет Биньямин Нетаньяхусыз үкімет жасақталады.

120 парламентарийден тұратын Кнессетте оңшыл қозғалыстардың альянсы саналатын «Ямина» партиясының алты орны ғана бар. Бірақ коалиция құру үшін алты орын да жеткілікті. Сол себепті оппозиция жетекшісі Яир Лапид сәрсенбіге дейін жаңа коалициялық үкімет құруы керек. Израиль БАҚ-тарының хабарлауынша, 49 жастағы Беннет келесі екі жыл ішінде, 2023 жылдың қыркүйегіне дейін премьер-министр болмақ. Кейіннен жаңа парламенттік сайлауға дейін Яир Лапид басшылық етеді.

Өз кезегінде Нетаньяху «Ямина» партиясының жетекшісі тек билікті қолға алғысы келіп отыр деп айыптады. Және солшыл күштерден құралатын үкіметтен мемлекет келешегіне қауіп зор деп санайды. Алаяқтық туралы бап бойынша бірнеше мәрте айып тағылған Нетаньяху наурызда өткен жалпы сайлауда министрлер кабинетін құруға қажетті дауыс жинай алмады. Бұл – екі жыл қатарынан өткен төртінші рет сайлау еді.

71 жастағы Нетаняху өзіне тағылған жемқорлық айыбын теріске шығарып, лауазымды қызметін атқара беретінін мәлімдеген еді. Алайда елдің полиция тараулары оған жемқорлық бойынша айыптауын жалғастырды. Орта Шығыстағы геосаяси ойындардың белді ойыншысы Израиль үкіметіндегі бұл шу жұртты елеңдетпей қоймайды.

Бірінші кезекте Биньямин Нетаньяхуға елдегі «Соңғы жаңалықтар» аталатын ықпалды басылыммен жасырын келісім жасаған деген айып тағылды. Яғни аталған басылым Нетаньяху туралы тек қана мақтау мен қошемет айтады. Бұған қарымта жауап ретінде ретінде ол басылымды қолдап, қолпаштап отырады.

Премьер-министрге тағылған екінші айып: 2009 жылы билік басына келгеннен бері үкіметтегі жақтастары мен басқа да тұлғалардан құны 283 мың АҚШ долларына пара-пар келетін сыйлықтар алған. «Jerusalem Post» басылымының айтуынша Нетаньяху Голливуд алыптарының бірі Арнон Милченнен құнды сыйлықтар қабылдап, оның АҚШ-қа виза алуына көмектескен.

Құнды тарту-таралғы қабылдаған Нетаньяху «Милчен заңына» да қолдау білдірген» деген айып және бар. Аталған заң жобасы бойынша шетелден тарихи отанына оралған еврей қалталылары он жыл бойы салықтан босатылмақ екен. Алайда, бұл заң жобасына Қаржы министрлігі қарсылық танытып, қабылданбай қалған еді.

Айыптаулар жөнінде мәлімдеме жасаған Нетаняху «Менің саяси сахнадағы тарихымда 15 рет осындай айыптар тағылды және оның бәрі негізсіз болып шықты. Бұл реткі айыптар да солай, еш негізі жоқ», деген болатын.

Де-юре тұрғысында Израиль парламенттік республика болғандықтан, Кнессет жоғарғы билік органы саналады. Кнессетке сайлау өткеннен кейін Израиль президенті сайланған фракциялармен отырыс өткізіп, коалициялық үкіметті құрай алатын фракциялар басшыларының біріне үкіметті құруға міндеттейді. 1996-1999 жылдары Кнессетке премьер-министр бүкілұлттық дауыс берумен сайланды. 1996 жылы үкіметті Биньямин Нетаньяху, ал 1999 жылы Эхуд Барак басқарды. 2001 жылы Барактың қызметтен кетуі нәтижесінде премьер-министр қайтадан тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Кейін елде премьер-министрдің тікелей сайлау процессінен бас тартты.

Үкімет  Кнессет мүшелерінің көпшілігімен мақұлдануы керек. Кнесеттің өкілеттік мерзімі – төрт жыл.

"The Qazaq Times"