Павлодар облысының мәслихатына "Нұр Отан" партиясы атынан сайланған депутат Қайрат Әбішев 15 күнге қамалды. Бұл туралы бүгін, 26 мамырда Павлодар әкімшілік сотының мәліметіне сүйенген ҚазТАГ агенттігі хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, 25 мамырда Павлодар қаласының мамандандырылған әкімшілік соты оны Әкімшілік кодекстің 613-бап 4-бөлігі бойынша ("әскери полиция орган қызметкерлінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару") кінәлі деп танып, 15 күнге қамаған, сонымен бірге 8 жыл көлік жүргізуге тыйым салған.
Сот қаулысында 1979 жылғы жауапкердің "Дәнекер" шаруа қожалығы мен "Food Mix" компаниясын басқаратыны жазылған.
Іс материалдарына сүйенсек, 25 мамырда таңертеңгі сағат 5-тер шамасында ол Toyota Camry көлігімен жүріп, полиция назарына ілінген. Полиция қызметкерлері планшеттен оның көлігінің техникалық тексеруден өтпегенін байқап, тоқтатқан. Одан ішімдіктің иісі шығып тұрған. Артынша көлік басқарудан шеттетіліп, ішімдікті анықтау үшін облыстық психикалық саулық орталығына жіберілген. Бірақ депутат полиция талабын орындамаған.
Ол сот кезінде кінәсін мойындамай, ұйықтар алдында өттегі тасты ерітетін спирт қосылған тұнба ішкенін айтқан. Таңертең балаларына дәрі-дәрмек сатып алу үшін басқа көлікпен кетіп қалғанын жеткізген. Ол соттан өзін қамамауды, жұмысшыларына жалақы төлеу қажеттігін алға тартқан.
"Нұр Отан" мүшесі Қайрат Әбішев 2016 жылы наурыз айында Павлодар облысының 6 шақырылым депутаттарының құрамына кірген. Биыл да мәслихат құрамына өткен.
"Нұр Отан" – Қазақстан парламентінде басым дауысқа ие партия. Оның төрағасы – Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз билеген Нұрсұлтан Назарбаев. Елде басшылық қызметтегі шенеуніктердің көбі осы партияның мүшесі.