Таяу Шығыстағы 2014 жылдан бергі ең үлкен қақтығыс жетінші күнге созылды және деэслакация белгілері көрінер емес. Халықаралық қауымдастықтар Израильді шабуылды тоқтатуға шақырды.

Жексенбі түнде және таңертең ХАМАС жауынгерлері Израильге зымыран шабуылын жалғастырды, ал Израиль әскерилері Газа секторына жаңа соққылар жасады. Зымыранның бірі ХАМАС тобының саяси көшбасшысы Яхья Синвардың үйіне құлаған. Тағы бір әуе соққысы ХАМАС қозғалысының «Джабалия» батальоны командирінің үйіне түскен. Израиль әскерилері екі үйде де топтың террористік инфрақұрылымы болғанын хабарлады.

Жалпы дүйсенбіден бері ХАМАС Израиль аумағына 3 мыңға жуық зымыран ұшырса, еврей күштері Газадағы 1 мыңнан аса нысанға соққы жасаған. Израильдің ХАМАС тобына қарсы атқылауын «әділ операция» санайтын Биньямин Нетаньяху қажет болса соққы жалғасатынын айтты. Қазір Израильдің өз ішіндегі қалаларда еврейлер мен арабтардың қақтығысы да жалғасып жатыр.

Соңғы мәліметтер бойынша, Хамас пен ЦАХАЛ арасындағы ушыққан ұрыстан Газа секторында қайтыс болғандардың саны 188 адамға жеткен: оның 55-і бала. Ал Израиль тарапынан 10 азамат мерт болды, оның екеуі бала.

Осыған байланысты Еуроодақтың Сыртқы істер министрлері Таяу Шығыстағы қақтығысты талқылау үшін жуық арада бас қоспақ. Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррельдің айтуынша, шұғыл кездесуде 27 елдің бас дипломаттары жанжалды шешудің жолдарын іздестіруге күш салады.
Екі ел арасында басталған қақтығыс 10 мамырдан бері жалғасып жатыр. 12 мамырда Израиль Газа секторына әуеден шабуыл жасап, ХАМАС тобының командирін өлтірді. Бұған жауап ретінде ХАМАС Израиль тарапын ракетамен атқылады. Сондай-ақ Израиль көшелерінде еврейлер мен израильдік арабтар төбелесіп, жанжалдасқан. Бұл мәселеде Израиль премьері Бенжамин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескен АҚШ президенті Джо Байден ХАМАС тобының ракета шабуылдарын айыптаған.

Таяу Шығыстағы шиеленіс өткен айда ушыға бастаған. Оған Израиль сотының Иерусалимдегі Шейх-Джарах ауданынан палестиналықтарды көшіру туралы шешімі себеп болды. Израиль 1967 жылы Таяу Шығыстағы соғыстан соң Шығыс Иерусалимді басып алып, астанамыз деп жариялаған. Бірақ халықаралық қауымдастық Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындамады. Палестиналықтар Шығыс Иерусалимді өз жеріміз әрі болашақта құрылатын тәуелсіз еліміздің астанасы болады деп санайды.

"The Qazaq Times"