Көктем туғалы Қазақстанда 141,5 мыңнан аса сырқат тіркеліп үлгерді. Республиканың үшінші толқында қызыл аймаққа өткеніне айдан асты. Мамыр айыныңі алғашқы онкүндігіндегі мерекелерге орай демалыс кезінде ресми статистика техникалық фактор себебінен едәуір кеміген еді. Бүгінде есеп қалпына келе бастады. Күнделікті анықталып жатқан науқастар саны екі мыңнан, ал өлім жағдайы 20-дан жоғары. Бұл пандемия кезіндегі ең ауыр кезең. Салдарынан Қазақстан жарты жылға жуық әлемде ең көп адам ауырған 50 елдің қатарында тұр.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 12 мамырда коронавирус (КВИ+) жұққан 2283 адам, ал 11-і күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 173 адам тіркелді. Қазір елде 40 мыңға таяу адам (КВИ+ бойынша 39 143, КВИ- бойынша 483) ауырып жатыр.

#COVID ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастардың басым бөлігі әдеттегідей Алматы қаласы (597) мен астанада (389) тіркелді. Бұдан өзге індет Қарағанды (250), Алматы (216), Павлодар (109), Ақмола (104), БҚО (97) қайта өршіді. Өткен тәулікте аурудан айыққан 2791 адам үйіне жіберілген. Сейсенбіде жиыны 20 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы 11 мамырда ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 173 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, Алматы (33), Жамбыл (23) облыстары эәне Алматы қаласы (14), астана мен Түркістан өңірінде (әрқайсында он бір-он бірден) көптеп анықталған. Сонымен қоса, 70 адам айығып шыққан, тағы 5 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 39 626 науқастың 14 мыңы ауруханада, 25,5 мыңы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 788 науқастың жағдайы қиын, ондағы 183 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 116 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Осылайша әзірге вирустың таралу қатері жағынан СҚО, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облысы «жасыл аймақта». Алматы, ШҚО, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Шымкент «сары», ал Ақмола, БҚО, Павлодар, Қарағанды облыстары, Алматы қаласы мен астана «қызыл аймақта» тұр.

Үкімет мәліметінше, көктем басында геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық және оңтүстікафрикалық штамдары анықталған.

Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір орташа есеппен тәулігіне кемінде 2 мың сырқат және 20 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Сәуір айындағы аурушаңдық наурызға қарағанда 2 есеге артты. Жалпы осы көктемде әзірге 141,5 мыңнан (КВИ+ 137 мың, КВИ- 4 мың) аса науқас анықталды. Сондай-ақ, өткен бірер айда ресми расталған өлімнің үштен бірі, яғни 1800-дей адам (КВИ+ 1512, КВИ- 285) өмірден қайтты.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 350 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 53 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 404 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 6,6 мыңы (КВИ+ / U07.1 – 3984, КВИ- / U07.2 – 847, ілеспе аурулардан – 1773) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1773 адамды жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Ескерер жайт, министрлік 2020 жылы КВИ- статистикасын есепке алмас бұрын жылдағыдан үш есеге өскен пневмонияның 256 мың жағдайынан (былтырғы қаңтар-шілде аралығындағы) коронавирустық түрін анықтап-зерттеуден бас тартқан. Мамандар осы кейстерді объективті түрде зерделегенде шынайы есеп қазіргіден әлдеқайда көп болар еді деп есептейді. Демек жоғарыдағы сан да нақты болмауы мүмкін.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 47-орында тұр.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 1 млн 757 мың адам коронавирусқа қарсы ресейлік Sputnik V, отандық QazVac және түбі қытайлық Hayat-Vax вакцинасының алғашқы дозасын алған.

"The Qazaq Times"