Америка Ресейдің агрессивті саясатына жауап беруге дайын. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ВВС-ге сұхбатында айтты.

Лондонда өтіп жатқан «Үлкен жетілік» елдерінің жиынында Блинкен: «Ресейдің Solar Winds-тегі кибершабуыл, президенттік сайлауға араласу және Навальныйға қарсы ұйымдастырылған әрекеттердің барлығы агрессиялық саясаттың бір дәлелі. Егер Ресей әдеттегідей бұл ұстанымынан таймаса біз де соған сай жауап қайтарамыз», – деді.

Блинкен Ресей мен Германияның «Солтүстік ағын-2» газ құбырына байланысты да пікір білдірді. «Джо Байден президент болмай тұрғанда-ақ «Солтүстік ағын» жобасын сынға алған. Себебі бұл жоба Ресейдің мүддесін алға тартып, Еуропа мүдделеріне қайшы келеді. Жалпы Еуроодақтың энергетикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Әсіресе, Польша, Украина үшін қауіпті», – дейді.

Мемлекеттік хатшы бұл жолы да АҚШ Украинаны қолдайтынын айтты. Сондай-ақ Блинкен Украинаның шығысындағы қауіпсіздік жағдайына алаңдаушылық білдірді. Наурыздың ортасында АҚШ сенаторлар тобы Украинамен қауіпсіздік саласындағы серіктестік туралы заң жобасын ұсынды. АҚШ Конгресі Сенатының Халықаралық істер жөніндегі комитетінің қарауына енгізілген құжатта Киевке жылына 300 млн доллар әскери көмек және украин әскери офицерлерін даярлауға жылына 4 млн долларға (3,4 млн еуро) бөлу қарастырылған.

Бұған дейін The Wall Street Journal басылымында АҚШ шенеуніктері Ресеймен қарама-қайшылық туындаған жағдайда Украинаға қару-жарақ беру жоспарын әзірлеп жатқаны жазылған. Бірақ бұл шараларды АҚШ президенті Джо Байден әзірге мақұлдаған жоқ. Басылымның хабарлауынша, мұндай қолдауға зениттік жүйелер кіруі мүмкін. Сонымен қатар, мақалада АҚШ әкімшілігі Ресейге қарсы қосымша экономикалық санкциялар енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

"The Qazaq Times"