Өткен аптада Қытай өзінің дербес жасап шығарған үш бірдей озық әскери кемесін теңізге шығарды. Салтанатты рәсімге Қытай басшысы Ши Жинпиң де қатысты. Қытай бұл әрекеті арқылы Азия-Тынық мұхит аймағындағы даулы теңіз айдындарындағы өзінің ықпалын кеңейтуге батыл қадам жасап жатқанын аңғартты. Сондай-ақ бұл Америка Құрама Штаттарының аймақтағы ықпалына жаңа сынақтардың пайда болғанын көрсетті.
Қытайдың көрсетпек болғаны
Қытайлық ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда, теңізге шығарылған үш кеменің бірі ядролық зымыран қондырғысына ие стратегиялық активтердің қатарына жатады. Сондай-ақ, біреу анти-змыран жүйесіне ие болса, енді бір амфибиялық шабуыл кемесі. Қытай коммунистік партиясының қолдауындағы «Глобал Таймс» басылымы үш жаңа кемені әлемдегі озық әскери кемелер қатарында мақтауын асырды. «Бұрын соңды болмаған бұл орталықтандырылған жүйеге ие кемелер Қытай Халық-Азаттық армиясы Әскери-теңіз күштерінің, сондай-ақ, Қытайдың кеме жасау индустриясының қарқынды дамуын», – көрсетеді деп жазды «Глобал Таймс» баслымы.
Қытайдың кейбір жоғары шенділері бұл үш кеме АҚШ кемелерінің Қытай жағалауына жақындауына мүмкіндік бермейтін жаңа әдіс жасады деп сенеді. Оған қоса жаңа кемелер Қытайдың теңіздегі территория құқығын бұзатын көршілес елдердің де жолын кеседі деп санайды. Қалай болған күнде де Қытай басшысының жаңа әскери кемелерді теңізге шығару салтанатына қатысуы белгілі бір символдық мәнге ие. Бұл арқылы Қытай өзіне жақын аймақтар мен әлем елдеріне Халық-Азаттық армиясы Әскери-теңіз күштері теңіз жағалауында және шалғай теңіз айдындарында белсенді қорғаныс қабілетіне ие болғанын көрсеткісі келді.
Қытай тарабы сондай-ақ өзінің жаңа әскери техникаларын даулы су айдындарына шығару кезінде территориялық дауы бар елдерге ескерту жасап отыр деп те түсінуге болады. Айталық, Қытай өзінің әскери басымдығын көрсете отырып, Оңтүстік Қытай теңізіндегі территориялық дауға қатысы бар елдердің Қытайға қарсылық тәуекелдерін қиындата түспек.
АҚШ пен Қытай бірін-бірі әскери қуатты арттыруға итермелеуде
Айтсын-айтпасын, Қытай қазір Азиядағы ең қуатты қарулы күштерге ие болды. Қуатты қарулы күшке сүйенген Қытай агрессиялық ұстанымын анық байқатты. Бұл оған көршілес елдердің Құрама Шттар секілді ірі держеваларға арқа сүйеуге мәжбүр етті. Бұл АҚШ пен Қытай арасындағы теке-тіресті тіпті де күшейтіп жіберді. Трамп кезінен бастап Құрама Штаттар Қытайдың Азия-Тынық мұхит аймағындағы әскери әрекеттерін шектеу үшін шараларды күшейтті. 2019 жылға дейін жыл сайын АҚШ-тың бес кемесі Оңтүстік Қытай теңізіне кіретін болса, соңғы екі жылда жыл сайын оннан астам кемесін аттандырып отыр. Бұл Бейжіңді шабуыл қаупіне деген алаңдаушылыққа салып, нәтижесінде онсызда үдеп келе жатқан Қытайдың теңіз күштерін дамыту жоспары тіпті де қарқын ала түсті.
АҚШ әскери сарапшылары қазірдің өзінде Құрама Штат теңіз күштерінің әскери қуатын тіпті де жоғарылата түсуге кеңес беруде. Себебі, Қытай алдағы уақытта Оңтүстік Қытай теңізі секілді өзіне жақын теңіздерде ғана емес тұтас Үнді-Тынық мұхиты аймағында агрессивті бола түсуі мүмкін. АҚШ сараптама орталығының мамандары да осыған ұқсас ұсыныстар білдірген. Олар Құрама Штаттар әскери қуатын арттырумен қатар өңірдегі әскери қатысуын тіпті де көбейтуі, Тайуанды қолдауын жалғастырып, аймақтағы жетекшілікті қайта қалпына келтіруі керек деп санайды.
АҚШ әскери басымдығы және коммунистік биліктің қалауы
Құрама Штат бұған дейін «қарулы қарсылықты болдырмаудың бірден бір жолы қарулы күштің басымдығы» деген қағиданы ұстап келген. Уашингтондағы Хадсон институтының аға зерттеушісі Брайан Кларк та «Америка Дауысы» агенттігіне берген пікірінде алдағы уақытта АҚШ пен Қытай арасында әскери бәсекелестік еселеп арта түсетінін растайды. Сондықтан да, Құрама Штат өңірдегі әскери басымдығын тез арада қалпына келтіруі керек деп санайды Кларк.
Халықтың қарттануы, сыртқы дау-шарлардың күшеюі, экономикалық өсудің баяулауы, өндірістің қоршаған ортаға орасан зор зардап келтіруі секілді толық жатқан ішкі және сыртқы қайшылықтар, демографиялық, экономикалық, экологиялық мәселелердің бәрі Қытай компартиясының билігіне деген ішкі наразылықты өршітуде. Қытай коммунистік билігі осы дағдарыстан шығудың жолын сырттан іздеуі мүмкін. Былайша айтқанда ішкі наразы жұрттың ауанын сыртқа аударып, «сыртқы күштерге қарсы күресте халықтық бірлікті бекемдеу» ұрандарын тастауы мүмкін. Ол өз кезегінде коммунистік биліктің ғұмырын ұзарта түспек.