Байер, барист, постижер... Осы сынды атауы күрделі, пайдасы орасан жаңа мамандықтар саны артып, жасанды интеллект заманында кәдеге жарап отыр. Мысалы, пандемия кезінде іс жүргізілетін елдің заңнама нормаларын сақтай отырып, заңгермен қашықтықтан кеңесетін виртуалды адвокат қызметіне сұраныс артқан. The Qazaq Times дәл осы сынды жаңа мамандықтарды қарастырып көрді.
Қазір мүмкіндігі шектеулі жандарға толыққанды өмір сүруіне жағдай жасап, көмектесетін мамандар бар. Олар қашықтан жұмыс жасауға, кәсіптік бейімділігіне сай саланы таңдауға, жұмыс пен демалыс барысын ұйымдастыруға атсалысады (онлайн-қоғамдастықтар, байланыс платформасы мен білім беру курстарын таңдау).
Әлеуметтік желілерде сіздің жеке имиджіңізді қалыптастырып, дамытатын мамандарды жеке бренд-менеджерлер деп атаймыз. Жеке брендті қалыптастыру – заманның басты талабы әрі қазіргі бизнес-коучингтің маңызды аспектісі. Нақты бір аудиторияға арналған бейнеңіздің болуы басқа мамандардан көш ілгері тұрып, қоғамда сұранысқа ие болуыңызға да ықпал етеді. Сондықтан да бұл мамандық иелеріне қажеттілік артып отыр.
Краудфандингті платформа менеджері краудфандингті платформалар жұмысын ұйымдастырады, краудфандингті қаржыландыруға ие болу үшін, жобаларға алдын ала бағалау жұмыстарын жүргізеді. Салымшылар мен жоба иелері арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда оны шешумен айналысады. Краудфандингтік жобалармен жұмыс жасайтын менеджер, кеңесші, маркетолог мамандар Ресейде әлі толық қалыптаспаса да, батыс елдерінде өте белсенді жұмыс істеп жатқан жайы бар.
Пайдаланушылар қауымдастығының модераторы пайдаланушылардың онлайн-қауымдастықтарын ұйымдастырып, олардың көкейіндегі ойды діттеген жеріне дейін жеткізуге көмектеседі. Олар үшін ең маңыздысы — тұтынушылар алдында әділ болу (мысалы, түрлі конкурстар ұйымдастыруда).
Білім беру онлайн платформасыының үйлестірушісі – білім беру мекемелері мен білім беру жобалары саласындағы маман. Мұндай мамандардың онлайн педагогикадан хабары болуы керек, өйткені түрлі пәндер мен дисциплиналар бойынша онлайн курстар жүргізеді. Курстар мен платформа аясында оқытушы мен білім алушының арасындағы байланысты қамтамасыз етеді, сонымен қатар платформа қызметін жетілдіру жұмыстарымен айналысады.
Мемлекеттік органдармен байланыс платформасының модераторы – қоғам белсенділері мен белгілі бір саладағы (білім беру, тұрғын үй мен шаруашылық, құрылыс, зейнетақымен қамтамасыз ету) шенеуніктер арасында бірлескен шешімдер шығару үшін онлайн және офлайн форматтағы сұхбаттарды ұйымдастыратын маман.
Трендвотчер – экономиканың түрлі салаларында, қоғамдық өмірде, саясат пен мәдениетте жаңа үрдістердің қалыптасуын, олардың тұтынушы қажеттілігіне деген оң немесе теріс әсерін қадағалап отыратын мамандар.