Вакцинаның зауыттан шыққаннан егу пунктіне дейінгі аралықта тасымалданатын «суық тізбектің» ұшынан ұстап, фотоаппарат көзімен шолып шығуға тырыстық. Қарағанды фармацевтика кешені мен сауда орталығындағы егу пункті арасындағы логистикалық транспорт процесін ұсынамыз.

Зауыттан хабқа...

«СҚ-Фармация» компаниясы – 10 жылға жуық республикалық бюджет есебінен медициналық керек-жарақты сатып алу және оны медұйымдарға жеткізу ісін жүргізіп келе жатқан министрлік операторы. Үкімет атынан халықаралық деңгейде келісімшарт жүргізетін ДенМиннің «қамбасы әрі логисті» «СҚ-Фармация» Бірыңғай дистрибьютордың астана, Ақтөбе, Шымкент және Алматы қалаларында орналасқан өңірлік хабтарына жеткізіледі.

«СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторының хабы орналасқан «MEDSERVICE PLUS» Қазақ фармацевтикалық компаниясы» ЖШС-нің қоймасы. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Абай ауылы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Медициналық тауарларды қаржылық лизинг шартымен денсаулық сақтау ұйымдарына тарататын ұйымдастырушы-компанияның Алматы қалалық өкілдігінің басшысы Салтанат Ақышева таныстырды.

«Мемлекеттік тапсырыс негізінде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі амбулаториялық және стационарлық (поликлиника мен аурухана – С.А.) медицина ұйымдарына тарайтын дәрі-дәрімек қоймасы. Сатуға түспейді, дәріханаларға үлестірілмейді. Алматы қаласындағы 136 мекемеге керек-жарақ үлестіріледі», – деді ол.

«СҚ-Фармация» компаниясының Алматы қалалық өкілдігі басшысы Салтанат Ақышева (қызғылт күртешеде) және қойма меңгерушісі Бұлбұлназ Жұмаділова. Алматы облысы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

«Медсервис плюс» Қазақ фармацевтикалық компаниясының қоймасының ішінен СҚ-Фармация компаниясының өңірлік хабы құрылған. Бүгінгі таңда тұтас қоймада 100-ден аса, ал оператор хабында 57 қызметкер бар. Осында келген дәрі-дәрмек Алматы қаласы мен облысы және Шығыс Қазақстан облысына жөнелтіледі. Оның айтуынша, мұнда 21 сәуір Ресейде әзірленіп, Қарағандыда өндірілетін Спутник V екпесінің ІІ компонентінің 65 мың дозасы жеткізілген.

Министрліктің қалаға «өзге өндірушілерден» 230 мың доза жеткізеді делінген жоспардың мән-жайын сұрағанда оператор өкілі «ондай ақпарат жоқтығын» айтты. Әзірге тек Қарағанды вакцинасымен ғана келісім барын алға тартты.

Қойма меңгерушісі Бұлбұлназ Жұмаділова:

«-20°C болатын қоймада сақталады. Сыйымдылығы 300 мың дозаға дейінгі вакцина екі мұздатқыш-қоймада сақталады. Қарағандыда шығатын екпенің Ресейге тексеруге партиясы түгел жіберілмейді. Тек сертификатқа жеткілікті үлгілері, бірнеше қаптамасы ғана жолданады. Тауарды -20, 2-8, 8-15, 15-25°C температура аралығында сақтайтын төрт бөлім бар. Қалыпты, яғни +15 пен +25 градус температурада 5 мың паллеторын сыяды», – деді Жұмаділова.

Жүк қойма аузына жеткен кезде есікке салынған пломба алынады. Алматы қаласына іргелес Абай ауылы. «СҚ-Фармация» БД компаниясының өңірлік хабы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Қойманың тауар қабылдау-тиеу дәлізіне келген зауыттың жүк көлігі. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Қарағанды фармацевтикалық кешенінің өкілі Андрей Бабичев:

«Ресейде әр ампулада бір дозалық нұсқасы өндірілді. Бірақ ҚФК зауытынан бір құтыда бес доза болатын түрі шығарылады. Алғашқы доза ағзаны бейімдейді, ал 21 күннен кейін салынатын екінші дозасы емдік әсер береді. Сондықтан бірінші дозадан кейін жанама әсері байқалуы мүмкін».

Зауыт логисінің айтуынша, 200 шақты қызметкердің жартысынан астамы екпенің алғашқы дозасын алып қойған.

Қойма қызметкерлері вакцинаны түсіріп жатқан сәт. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

16 сәуір күні тиелген жүк Алматыдағы төртінші хабқа 21 сәуір ертеңгісін жеткізілді. Міндетті температура сақтаған жағдайда 31 қыркүйекке дейін жарамдылығын жоймайды деседі.

Алгоритм бойынша қоймаға жеткізілген жүктің көлемі мен саны, сериясы, сақтау мерзімі, сапалық нормасының құжаттық есепке сәйкестігі тексеріледі. Әр қорапта 6300 доза болады.

Термоқорап мұздатқыш элементтермен сүйемелденеді. Алматы қаласына іргелес Абай ауылы. «СҚ-Фармация» БД компаниясының өңірлік хабы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Пломбасы алынып, жүк түсіріледі. Содан кейін мұздатқышқа орналастырылады. Арнайы кесте бойынша қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймасына тасымалданады. Зауыттан хабқа, одан басқарма қоймасына транспорттық жеткізу барысында 10 минут сайын  температура автотіркегіш құрылғы арқылы тіркеліп отырады.

Екі есікті мұздатқыш-қойма. Алматы қаласына іргелес Абай ауылы. «СҚ-Фармация» БД компаниясының өңірлік хабы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Әр партияның сапасына кепілдік беретін сертификаты болады. Температуралық ауытқу болған жағдайда өндірушілерге түсініктеме беру жөнінде хат жолданады, олардан жауап келмейінше жүк карантин аймағында тапжылмай сақталады. Егер сапалық жағынан кемшілік кетіп, жарамсыз деп танылса, кері қайтарылады.

Мұздатқыш-қойма ішінде жасалатын тексеру-реттеу жұмысы. Алматы қаласына іргелес Абай ауылы. «СҚ-Фармация» БД компаниясының өңірлік хабы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Вакциналарды сақтау және тасымалдау нұсқаулығын нақты ұстану және қатерлі салдарға ұрындырмас үшін бірыңғай дистрибьютор GMP және GDP барлық стандарттарын, сондай-ақ «суық тізбекті» сақтай отырып иммунобиологиялық препараттардың логистикасын жүзеге асырады.

Автотіркегіш жадының көмегімен температуралық «суық тізбек» есебі тексеріледі. Алматы облысы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Хабтан басқарма қоймасына...

Қалалық басқарма қоймасында тек коронавирус екпесін сақтауға арналған 7 тоңазытқыш жұмыс істеп тұр. Екпенің дәл осы түрінің бір мезетте 40-45 мың дозасын қабылдай алады.

«Мұздатқыштар температурасы минус 18-25 градус аралығында. СҚ-Фармация хабынан авторефрижератор көлігімен жеткізіледі. Оны қабылдап алып, поликлиникаларға таратамыз. Бұл жерде тек коронавирус қана емес, күнтізбелік түрлі вакцина сақталады. Басқарма тапсырмасы мен көліктің ыңғайына қарай өзге емхана-ауруханалардың жауапты маманы әкетеді. Поликлиникадан вакцинаға жауапты медбике мекеме басшылығының сенімхатымен келіп, алдын ала берген өтінім көлемінде алып кетеді. Ол жақта да температураны тиісті деңгейде ұстап тұруға арналған мұздатқыштар бар», – деді қалалық қойма меңгерушісі Нұргүл Жанысова.

Қала тұрғындарына егілетін вакциналарды сақтауға арналған мұздатқыш-қойма. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Балалар мен ересектерге арналған күнтізбелік екпенің 18 түрі екі тоңазытқыш-қоймаға қойылады. Туберкулез, полиомилит, «В» вирусты гепатит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, b типті гемофильдік инфекция т.б. дерттерге қарсы екпелерді әр медұйым график бойынша алады.

Қойма шырақшысы Нұргүл Жанысова кейде «түн қатып», тіпті демалыс күндері жұмыс істейтінін айтады.

«Былтыр жазда мен де ауырдым, ПТР тесті оң көрсетті және екіжақты сегменталды пневмония диагнозымен қатты сырқаттандым. Екі жеті үйде жатып шықтым. Айыққаннан кейін құжат жинап, өткіздім. Басқаларға төледі, маған тағайындаудан бас тартты. Маған айтқан уәжі – «мамандығың медицинаға қатысты емес» деді. Бірақ мен бухгалтер болсам да бүкіл қаланың медиктерімен жұмыс істеймін. Өтемақы алған санитарлардың да медициналық білімі жоқ. Мұны қалай түсінуге болады?.. Басқармаға айтып едім, олар министрлік бұйрығын көрсетті», – деді.

Талтүс әлетінде ақ түсті авторефрижератор пломба-автотіркегішпен V транштың ІІ компонентінің 38 905 дозасы жеткізді.

Авторефрижератор хабтан қала қоймасына келерде жүкті пломба мен автотіркегіш қолдана отырып жеткізеді. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Екпені мұздатқышқа жайғастырып жатқан қойма қызметкерлері. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

«Суық тізбекті» сақтауға арналған мұздатқыш элементтер. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

7-аурухананың ауласындағы қоймада...

Басқарма қоймасы Қалқаман шағын ауданындағы танымал 7-аурухананың аумағында орналасқан. Қалалық басқарма қарамағындағы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының инфекциялық бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі директоры орынбасарының міндетін атқарушы Эльвира Ибрагимова алгоритмнің жүзеге асу жай-жапсарын тәпіштеп түсіндірді. Эпидемиолог өзі және 67 жастағы анасы вакцина алғанын, қазір жақсы сезінетінін айтады.

«Әр поликлинканың жауапты медбикесі термоконтейнерін алып келеді. Әр ауданның кураторы тапсырыс негізінде егу пунктеріне қажетті көлемде таратылуын бақылайды. Авторефрижератор аудан-аудан бойынша 36 поликлиникаға таратып шығады. Ал сауда орталығы мен қоғамдық орындарда ашылған уақытша егу пунктері маңайдағы ең жақын поликлиникадан алады. Термоконтейнер мен мұздатқыштың температурасы үнемі бақылауда болады. Есігін себепсіз ашып-жабуға болмайды».

«Вакцина қамбасынан» қаладағы медұйымдарға екпе тарататын авторефрижераторлар. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Басқарма қоймасындағы вакцинаны тасымалдауға келісімшарт негізінде медсервиспен айналысатын екі логистикалық компанияның авторефрижераторы тартылған. Кейде көлік кептелісі кезінде полиция көмегімен «жолашар» жүргізіледі.

«Вакцинаның әр партиясы арнайы акт, сертификат, құжаттары бойынша әкелінеді. Мұның электронды PDF нұсқасын СҚ-Фармация операторынан алып, поликлиникаларға береміз. Екпе жөнінде сұрағы бар кез келген пациент көз жеткізе алады», – Ибрагимова.

Екпені үлестіруге келген ондаған поликлиниканың өкілдері. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

«Вакцина егетін мамандарды ынталандыру үшін әкімдікке ұсыным бердік. Үстемақы көлемі туралы нақты айту әзірге қиын. Бұл мәселе қарастырылып жатыр. «Қызыл аймақтағы» қызметкерлерге берілетін көлемде болмаса да 50 мың теңге төңірегінде тағайындалуы ықтимал. Шамамен айдың соңына дейін шешіліп қалар», – деді.

Қала бойынша 209 егу пункті және 303 вакцинация бригадасы бар. Бұған 1201 медицина қызметкері жұмылдырылған.

Поликлиника өкілі-медбикенің термосөмкесі мұз салынған резеңке қаптамалармен сүйемелденеді.

Қойма алдындағы қарбалас кез. Әркім өзіне тиесілі көлемде термосөмкесін толтырады. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Тіркеудегі пациент саны бойынша екпе алуға келген Теміржол емханасының медбикесі барыс-келісіне қызметтік көлік берілгенін айтады.

Қоймадан поликлиникаға...

Әуезов ауданындағы емханалардың біріне бас сұқтық. Жолда арнайы кезекшіліктен келе жатқан №16 поликлиниканың бас дәрігер орынбасары Сәлима Әбдісаматқызы ұшырасты. Оның тілшіге берген мәліметінше, емханаға І транш 45, ІІ транш 105, ІІ транш 350 вакцинаның екі дозасын толық салдық. ІV траншқа келген 1600, V – 2000, VІ – 2600 екпенің алғашқы дозасы берілген. Ақпан-сәуір айларында емханада Спутник V екпесінің алғашқы компонентін – 4810 адам және толық дозасын 1030 тұрғын алған.

16 поликлиника. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Бүгінгі таңда Әуезов ауданында екпе алатын 140 мың тұрғын мекендейді. Мұны 9 медициналық ұйыммен қатар жаңадан құрылған 22 егу пункті іске асырады. Егу пунктері емханалар, сауда орталығы («Moskva Metropolitan», «Grand Park», «Asia Park», «Almaty Mall», «Sputnik Mall), мектептер мен жекеменшік клиникаларда ашылды. Күн сайын сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін қабылдайды.

Вакцинаға жауапты медбике Жұмагүл Ыдырысқызы:

«Екінші компоненттің 4600 дозасын барып есептеп қабылдап алдым. Арнаулы көлікке тиеп жібердім. Енді міне, поликлиниканың аузынан тексеріп алып қаламыз», – деді ол.

Вакцинаға жауапты медбике жүк көлігінен бұрын келіп «өз сыбағасын» күтіп алады. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Термосөмкесін көтерген медбикенің соңынан еріп егу бөліміне кірдік. Екі мұздатқыш -21°C қосулы. Сондай-ақ, қандай жағдай болмасын тиісті температураны қамтамасыз ету үшін қосымша тоқ көзі ретінде генератор терезе түбінде қарайып тұр.

Медбике екпе салған термосөмкесін көтеріп бара жатыр. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Ең алғаш келген 105 вакцинаның есебінен бірден салдырған.

Емханада екпе егетін 6 медбике бар. Олардың бәрі вакцинациялау біліктілігінен өтіп, сертификатталған. Екпе барысы демалыс күндері де таңғы 8.00 мен кешкісін 20.00 аралығында жалғасады.

«Бір күнде 600 адам келеді. Ондай қарбалас кезде дәрігерлер дәлізде әлеуметтік арақашықтықты бақылау үшін кезекшілікте тұрады».

Екпе анкетасының екі тілдегі нұсқасы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

16 емханаға екпе алуға келген ер адам. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Вакцина алуға келген адам әуелі анкета толтырады, бұл операторға беріледі. Тіркеуші маман  деректерді екпе паспортын рәсімдеу үшін Egov электронды үкімет порталына енгізеді. Ал егу пунктіндегі журналға ЖСН-нің орнына аты-жөні, дозасы, сериясы, мекен-жайы, контакт нөмірі (21 күннен кейін хабарласу үшін) жазылады.

Медқызметкерлер екпені қорапшадан шығарып, мұздатқышқа қойып жатыр. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Ресейде дайындалып, Қазақстанда (Қарағанды) өндірілетін Спутник V екпесінің алғашқы компененті көк, екіншісі қызыл жиекті болып шығады. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Емхананың уақытша егу пунктінде...

16 поликлиникаға қарасты егу пунктінің бірі ашылған «Moskva Metropolitan» сауда және ойын-сауық орталығына беттедік. Жабық нысанға кіреберісте термобақылау бекетінен дене қызуды өлшетіп, антисептикпен қолды өңдеу қажет.

Уақытша егу пункті орналасқан сауда орталығының кіреберісі. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Сауда орталықтарының бірінен ашылған уақытша егу пункті. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Екінші қабаттың Алтынсарин көшесі жағында бұрыштан орын алған пункте екі дәрігер, екі тіркеуші, екі медбике және еріктілер жұмыс істейді.

Бақылауымызша, екпе алуға ниетті адам терапевт дәрігердің қабылдауында болады. Бес адам жиналған соң көпшілік көзінше флакон жаңадан ашылады. Кезекпен екпе алады да кейіннен күту залында жарты сағаттай отырады.

Медбике бес дозаны алуға кезекте отырғандарға ашылмаған флаконды таныстыру сәті. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Екпе алуға әр жастағы азаматтар келеді. Ең бастысы, кәмілет жасына толған болуы керек. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Егу пунктінің медбикесі Гүлден Құсаинова:

«Тәулігіне 150-200 адам келіп салғызады. Адам термобақылау мен сатурация тексерістен өтеді де анкета толтырады. Одан кейін кезегі бойынша дәрігермен сұхбаттасады. Егер дәрігер қарсы көрсетілім жоқ, екпеге жарамды деген қорытынды берсе, журналға тіркеледі. Бес адам жиналғаннан кейін егуге жауапты маман флаконды көрсетіп, таныстырады. Солайша әркім бірінен кейін бірі салдырады», – деп түсіндірді.

Егу пунктінде жүрген ерікті Сүлеймен. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Егу науқанына еріктілер де тартылған. Солардың бірі 19 жастағы медициналық колледж студенті Сүлеймен.

«Онлайн оқып жүрміз ғой. Оқу орнынан хабарлады. Адамдарға көмектесу бір бақыт қой. Қайсыбір адамның вакцина алуына себеп болу – мен үшін жақсы іс. Екпе егу деген негізі қауіпті жұмыс. Бұған дейін 4 ауруханада Bek Air ұшағы құлағанда екінші пилоттың тігіс жарасының жібін шешуге қатысқаным есімде. Өз қатарымда танитын-білетін 10 адамның екі-үшеуі ерікті болып жүр. Келген адамдарға анкета толтыру, мәліметтерді жүйеге енгіземін. Түскі ас тегін. Түстен бастап кешкі сегізге дейін 6 сағат осында боламыз. Келісімшарт бойынша күнделікті жұмысқа шығуыма байланысты қаржылай төлем беріледі», – деп төгілді жас медик.

Терапевт пациенттің денсаулық жағдайы туралы сұхбаттасып отыр. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Бір қызығы, біз әңгімелескен терапевт дәрігер Мұхаметқали Табысқан күніне орта есеппен 90-100 адам келетінін жеткізді.

«Бірақ демалыс күндері сәл аз болады. Алдыма келген пациенттен анамнез жайлы ақпаратты сұраймын. Аллергия, созылмалы ауруын анықтап, шағымы бойынша тамағын қарап, қан қысымын өлшейміз. Қарсы көрсеткіші болса, жақын арада жүктілік жағдайын жоспарлап жүрсе, онда екпе алуға рұқсат етілмейді. ...Кейбір науқастар түрлі жалған әрі манипуляциялы ақпараттарды оқып алады да үрей мен күдікке бой алдырып, жүрегі атқақтап тахикардия болады. Дегенмен жұмыс істеп жатқан бір ай уақытта ауыр асқыныс болған жоқ», – деді ол.

Мұнда 1 ақпан мен 26 сәуір аралығында 1940 адам Спутник V екпесінің бірінші және 210 адам екінші компоненттерін алған.

Кезегін күтіп және екпеден кейінгі бақылау сәтін өткізіп отырған адамдар көбіне егу пунктінің маңайында тұрады. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Асығыс уәде, өзгерген жоспар...

Алматы қаласында 1 ақпаннан бері 180 мыңнан аса адам екпе алған. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 25 сәуір QazVac вакцинасының 6 мың жиынтық дозасы әкелінгенін мәлімдеді.

2021 жыл басында «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресейдің тікелей инвестициялар қоры (РФПИ – орысша қысқартылған атауы) арасында жасасқан келісім аясында 18 млрд қаржыға «Спутник V» вакцинасының 2 млн 90 мың жиынтығын сатып алған. Жиынтық доза екі компонентпен есептеледі. Сонымен қоса, қомақты қаражатқа 20 млн дана шприц алынған. Қазақстандық вакцинаның 25 мың адамға арналған 50 мың дозасы таратылды.

Ғылыми атауы «Гам-КОВИД-Вак». Ал сауда белгісі Спутник V вакцинасының екінші компоненті. Алматы қаласы. Сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, ақпаннан бері оның 1 080 040 адамға арналған екпе өңірлерге жеткізілген, тағы 470 275 жиынтығы 27 сәуір хабтарға жетеді.

Қазіргі таңда Қазақстанда 893 мың адам екпе алған. Жоспарлы меже бойынша, Үкімет сәуір айының соңына дейін 2 миллион адам егіледі деген еді. Елде ауырғандар саны 361 мыңнан асты. Оның 99 мыңы осы көктемде  тіркелді.

Қазақстандық вакцина Жамбыл облысында салынып жатқан, құны 7 млрд теңге болатын зауытта шығарылмақ. Әу баста билік вакцина наурыз айынан бастап шыға бастайды дегенімен өндіріс орнының іске қосылу мерзімі күзге шегерілді. Үшінші кезең 9 шілде аяқталады. Сондықтан вице-премьер Ералы Тоғжановтың мәлімдеуінше, вакцина жазғытұрымда және зауыт ашылғанға дейін Түркияда құтыға құйылады.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 48-орында тұр.

"The Qazaq Times"